Сондай ерлердің бірі біздің бүгінгі кейіпкеріміз 3-сыныпты сержант Дархан Аслан жайында қалам тербемекпіз. Ол Аягөз гарнизонындағы танк әскери бөлімінде рота сержанты лауазымында қызмет атқарады.
Абай облысы, Таскескен ауылының тумасы Дархан әскери қызметті тосыннан таңдаған жоқ. Ол бала күнінен әскери болуды армандап, спортқа әуес болып өсті. 2013 жылы Аягөз қаласындағы №5 мектепті бітірген соң, бірден ер азаматқа парыз саналатын Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Кейін әскер қатарындағы мерзімі аяқталған кезде болашағын міндетті түрде осы саламен байланыстырамын деп шешеді.
«Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» демекші, мен де әскери адам болуды бала кезімнен армандадым. Арманымды іс жүзіне айналдыра алдым деп ойлаймын. Қазір өмірімді әскери формасыз мүлдем елестете алмаймын. Жалпы, әскери сала кез-келген адамды тәртіп пен төзімділікке әрі спортқа жақын болуға үйретеді, – дейді Дархан Асланұлы.
Әскери қызметтегі өмірін 2015 жылы келісімшартпен 10810 әскери бөлімінде қатардағы барлаушы ретінде бастаған. Қызмет бабында өзін жақсы жағынан көрсете білген Дархан түрлі жарыстарға да белсенді қатысуға уақыт табады. Ол «Әр әскери қызметші өз саласының нағыз шебері болу үшін ұдайы шындалып отыру қажет» деген пікірді ұстанады. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде 7 жылдан астам қызмет етіп келе жатқан Дарханның жетістіктері де аз емес.
Солардың бірегейін атап айтар болсақ, 2019 жылы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының ұйымдастыруымен өткен білім мен біліктілікті арттыратын үздік сержанттар сайысында «Үздік взвод сержанты» атанып, бірінші орынды иеленді. Сондай-ақ, сол жылы республикалық «Қазақстанның үздік сержанты» сайысында жүлделі екінші орыннан көрінді. Оның жетістігі сонымен тоқтап қалған жоқ. Ол ҚР ҚК өткен әскери үшсайыстан жеңіске жетіп, «ҚР спорт шебері» атағын алды. Бұл Дархан Асланұлының әскери саладағы жеткен жетістіктерінің бастамасы ғана болатын.
2021 жылы Армения Республикасында өткен Армия халықаралық ойындары аясындағы «Бейбітшілік жауынгері» сайысына қатысып, ел намысын қорғады. Сол кезде Дарханға еліміздің байрағын алып шығу мәртебесі бұйырыпты. Кіл мықтылар бақ сынайтын байрақты додада жалпы командалық есепте үздік үштіктің қатарынан көрінді.
Иә, әскери қызмет адамның тұлға ретінде жан-жақты қалыптасуына оң ықпал етері сөзсіз. Өмірін осы салаға арнаған жандар қызметтерінің алғашқы жылдарында қайсар мінез бен жауынгерлік рухты қалыптастырады және жарыс жолындағы жеңіс оңайлықпен келмейді деп есептейді біздің кейіпкеріміз.
Әлбетте, әр жарыстың өз қиындықтары болады. Бірақ та оларды еңсеру үшін адамның бойында қайтпас-қайсарлық пен ерік-жігер болуы қажет. Сонымен қоса, әр жарысқа қатысқан сайын отбасым үлкен қолдау көрсетіп, демеу болып келеді. Бұл да едәуір көмек. Республикалық, халықаралық ареналардағы жарыстарға қатысқан кезде мойныңда жауапкершілік барын сезінесің. Сондықтан әр сайыста жеңіс тұғырынан көрініп, жүлдемен оралуды мақсат етемін. Жалпы өзім елімнің, отбасымның маған артқан сенімдерін әрқашан ақтап жүруді қалаймын, – дейді «бейбітшілік жауынгерінің» жеңімпазы Дархан Аслан.
Ал, биылғы 2022 жыл 3-сыныпты сержант Дархан Аслан үшінші мәрте жеңіске жетті. Себебі, Армения мемлекетінде өткен «Бейбітшілік жауынгері» жарысында ҚР Қарулы Күштерінің командасы қатарында өнер көрсетіп, жалпы командалық есепте Қазақстан командасы сынақтардан сүрінбей үздік деп танылды. Сонымен қатар, аталмыш жарыстың «Ратник» кезеңінде спортшы өзінің кәсіби біліктілігі мен жауынгерлік шеберлігінің арқасында жеке есепте жоғары нәтиже көрсетіп, күмістен алқа тақты. Ел намысы сынға түсетін додадан жүлделі оралған Дарханның еңбегі бағаланып, Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың «Ел қорғаны» медалімен марапатталды.
Дархан Асланұлы әскери қызметті таңдағанына ешқашан өкінген емес. Керісінше, нағыз елім деген ер азаматтар әскерде тәрбиеленіп, мықты азамат болып шығатынына сенімді. Сабырлы мінезімен өз ортасына абыройлы, еліне адал қызмет етіп келе жатқан рота сержанты туралы әріптестері оның жетістіктерімен мақтанып, құрметтейді. Жалпы, Дарханның табандылығы, арманына деген адалдығы – қарулас достары мен замандастарына үлгі.
Еліміздің әр азаматы Дархан Асланұлы сияқты Отан алдындағы борышын өтеудің маңызын түсініп, жауапкершілігін сезіне білсе, ұлтым деген ұлдардың рухы қашанда биік болмақ.