Басты бетҚоғамАстанада «Балалар...

Астанада «Балалар әлемі» балалар оқулары байқауының жеңімпаздары анықталды

Іс-шараны Қазақстан Республикасы ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырды.

Байқаудың мақсаты — балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, қазақ және шетел әдебиетін, ақын-жазушылардың шығармаларын терең зерттеуге тарту, өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру.

Фото: «Қазақстандық қоғамдық даму институты»
КЕАҚ баспасөз қызметі

Байқауға еліміздің жалпы білім беретін мектептерінің 3-10-класс оқушыларынан 97 мыңнан астам бала қатысты. Олар аудандық-қалалық, облыстық іріктеулерден өтті. Байқауға қатысушылар төрт санат бойынша бақ сынады:

«Ертегілер әлемінде» тақырыбында бастауыш 3-4-класс оқушыларына арналған кітаптар («Қазақ ертегілері» және «Алпамыс батыр»);

«Кел, балалар, оқылық!» тақырыбы 5-6 орта кластағы оқушыларға арналған кітаптар («Мен – апамның баласымын» және «Ағайынды Гриммдер ертегілері» атты);

«Ғасырлар тарихты жырлайды»  тақырыбы 7-8-кластағы жасөспірім балаларға арналған кітаптар («Ұшқан ұя» және «Гулливердің саяхаты»);

«Ұлы дала эпостары» және «Ұлы даланың даңқы» тақырыбы 9-10 жоғары класс оқушыларына арналған  кітаптар (Ілияс Есенберлин «Көшпенділер. Алмас қылыш» және Даниэль Дефо «Робинзон Крузо»).

Облыстық турлардың 80 жеңімпазы 2022 жылғы 2 қарашасында байқаудың финалына қатысты.

Фото: «Қазақстандық қоғамдық даму институты»

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсіміне ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі, парламент депутаттары, Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілдері, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен журналистер қатысты.

Іс-шараға қатысушыларды құттықтап ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров сөз сөйледі.

«Республикалық балалар оқуына еліміздің түпкір-түкпірінен сүрінбей өткен жүзден жүйрік қатысушыларымызды байқаудың межесіне жетуімен шын жүректен құттықтаймын. Орайы келіп тұрғанда баршаңызды тұғырына қайта қонған ұлттық мерекеміз Республика күнімен де құттықтаймын. Бұл байқау кітап оқу мәдениетімен қатар мемлекеттік тілдің жас буын ортасында кең таралуына үлес қосады. Аталмыш әйгілі туындылар адамның өмір жолында өлшеусіз азық болып, парасатты, кемел жастарды қалыптастыруға ықпал етіп келеді. Осындай азаматтармен бірге біз Жаңа Қазақстанды және қоғамдағы ізгі құндылықтарды қалыптастырамыз», — деді вице-министр.

Салтанатты рәсім барысында ең белсенді қатысушыларға алғыс хаттары мен Marwin сертификаттары табысталды. Қатысушылардың құрметіне арналып концерт өткізілді.