Бұл құжат мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы жолдауын іске асыруға бағытталған.
Конституциялық заң жобасының мақсаттары Конституциялық сотты құру бөлігінде Конституцияға енгізілген өзгертулерді іске асыру, мемлекеттің құқық қорғау институттарын күшейту, негізгі заң ережелерінің қатаң сақталуын қамтамасыз ету. Конституциялық заң жобасы 3 бөлімнен, 10 тараудан және 67 баптан тұрады. Мазмұны бойынша жобаны екі бөлімге бөлуге болады. Біріншісі – ол Конституциялық соттың және оның судьяларының мәртебесі, олардың кепілдіктермен қамтамасыз етілуі. Ал екінші бөлім конституциялық іс жүргізу тәртібіне арналған, — деді әділет министрі Қанат Мусин.
Конституциялық сот еліміздің бүкіл аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін орган болады және биліктің сот тармағына жатпайды, өйткені бұл мәселе Конституцияда түпкілікті шешілді. Заң жобасында Конституциялық сот судьяларын тағайындау және олардың өкілеттіктерін тоқтату тәртібіне байланысты мәселелер егжей-тегжейлі регламенттелген.
Атап айтқанда, олардың тәуелсіздігі мен кепілдіктері де бекітілген. Конституциялық соттың құзыреттері Конституцияның 72-бабымен тікелей реттелген. Мәселен, оларға сайлауды өткізудің дұрыстығы мәселелерін қарау, парламент қабылдаған заңдар мен халықаралық шарттардың республика Конституциясына сәйкестігін қарау, сонымен қатар Конституция нормаларына ресми түсіндірме беру құзыреті жатқызылған. Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Конституциялық сот азаматтардың өтініштері бойынша олардың құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысты нормативтік құқықтық актілерді Конституцияға сәйкестігін қарайтын болады. Сонымен бірге Конституциялық сотқа жүгіну құқығы бас прокурор мен адам құқықтары жөніндегі уәкілге берілді, — деді министр.
Құжаттың екінші бөлімінде конституциялық іс жүргізудің жалпы шарттары мен қағидаттары бекітілді. Конституциялық сотқа жолданатын өтініштердің түрлері, олардың нысаны мен мазмұны айқындалды.
Конституциялық соттың өтініштерді қарау тәртібі бес кезеңнен тұрады:
- Конституциялық сот аппаратымен өтініштерді алдын ала қарау;
- конституциялық іс жүргізуге өтінішті қабылдау;
- отырысқа дайындық кезеңі;
- өтінішті қарау бойынша отырыс өткізу;
- соңғы кезең – өтініш бойынша түпкілікті шешім қабылдау.