Ағымдағы жылдың 1 наурызынан бастап Discovery Networks CEEMEA, серіктесі — «Қазтелерадио» акционерлік қоғамымен бірлесе отырып, Қазақстанда жаңа — Discovery Showcase HD арнасын іске қосады. Ол Discovery брендтері портфолиосынан ең жарқын және ең танымал шоуларын біріктіреді — Discovery Channel, Animal Planet, TLC, Discovery Science және ID Xtra, бұл ретте танымдық-ойын-сауықтық контент HD сапада қолжетімді болмақ. Сонымен қатар, көрермендерге эксклюзивті материалдар көрсетілетін болады, әрине тек Discovery Showcase HD арнасы арқылы.
Discovery Showcase HD шетелдік арналардың алғашқысы болып Қазақстан Республикасы аудиториясына сүйікті шоу бағдарламаларын HD сапада мемлекеттік тілде көруді ұсынады. Бірінші кезеңде көрерменге телебағдарламалар қазақ тілінде прайм-тайм уақытында ұсынылады (18:00-ден түн ортасына дейін). Жыл бойы қазақ тіліндегі бағдарламаларының үлесі ұлғаятын болады және 2018 жылғы қаңтардан бастап барлық мазмұны толығымен қазақшаланады. Сонымен бірге, көрермен өзінің қабылдағышының параметрлерінен арнаны орыс тілінде көруді таңдай алады. Бірінші болып қазақ тіліне «Морган Фрименмен жаһан құпияларын тану», «Таңғаларық мұхит», «Аляска: ормандағы отбасы», «Кит аулауға қарсы соғыс» сынды бағдарламалары және Discovery Networks-тың басқа да маңызды жобалары аударылады.
«Қазақстан — Discovery Networks үшін адал және өте маңызды аудиториясы мен үлкен әлеуеті бар аймақ. Біз көрермендерге ең жарқын, танымал және қызықты бағдарламаларды біріктіретін жоғары айқындық форматындағы Discovery-дің жаңа телеарнасын ұсынғанымызға өте қуаныштымыз», — дейді Discovery Networks компаниясының Солтүстік-Шығыс Еуропадағы вице-президенті, басқарушы директоры Анна Пак.