Білім беру ұйымдарының басшыларын тағайындау тәртібі өзгеруі мүмкін

Білім беру ұйымдарының басшысын тағайындау ережелеріне өзгеріс енгізу ұсынылды. Бұл туралы ашық талқыға шығарылған оқу-ағарту министрлігінің бұйрығында жазылған.

Ұсынылып отырған құжатқа мектеп, балабақша директорларын тағайындау тәртібімен немесе жұмыс берушінің шешіміне сәйкес конкурс бойынша қабылдау нормасы енгізілген.

Білім беру саласындағы уәкілетті органның қарамағындағы мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысы лауазымына орналасу тағайындау тәртібімен немесе конкурс бойынша жұмыс берушінің шешіміне сәйкес жүзеге асырылады. Аталған тұлғаны жұмысқа қабылдау еңбек шартын жасасу және жұмыс берушінің акт шығару жолымен жүзеге асырылады. Білім беру ұйымының бірінші басшы лауазымына тағайындау оның тиісті бос лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда жүзеге асырылады, — делінген бұйрықта.

Сонымен қатар енді бір адам қатарынан бірнеше бос немесе уақытша бос лауазым міндетін атқара алмайды. Мұнымен қоса, білім беру ұйымдарының басшысы қызметіне орналасу кезінде біліктілік тестілеуінен босатылатындар қатары толыққан. Атап айтқанда, бұрын президенттік кадр резервіне енгендер, Назарбаев университетінің түлектері немесе «Болашақ» стипендиясы бойынша білім алған түлектерден аталған емтихан талап етілмейтін. Енді әлемінің үздік 100 университетінде білім алған азаматтар да тестілеуден босатылады.

Quacquarelli Symonds World University Rankings, Times Higher Education (THE) университеттерінің әлемдік рейтингтері бойынша әлемнің үздік 100 университетінде, әлемдік университеттердің Academic Ranking of World universities Шанхай рейтингінде өз бетінше оқыған түлектер тестілеуден босатылады, — деп көрсетілген өзгеріс енгізілгелі отырған құжатта.

Бұдан өзге, тестілеу сұрақтарының саны да қысқарады. Яғни, осы кезге дейін 100 сұрақ болса, енді ол 60 тапсырмамен шектеледі. Дегенмен тестілеу уақыты қысқармайды. Тапсырмаларды орындау үшін кандидатқа 180 минут беріледі.

Бұйрықты ашық талқылау 14 қарашаға дейін жалғасады.

Telegram арнамызға жазылыңыз

Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын телеграм каналынан оқыңыз