Синоптиктер мәліметінше, қарашада республика бойынша ауа температурасы климаттық норма шамасында болады, жауын-шашынның таралуы: Қазақстан Республикасының батыс жартысында нормадан аз, шығыста — норма шамасында.
Қарашаның басында циклон Скандинавиядан Ресейдің Еуропалық аумағы (РЕА) арқылы үлкен жылдамдықпен Қазақстан аумағына ауысып, ауа райы тұрақсыз сипатта болады. Жауын-шашын жаңбыр мен жылбысқы қар түрінде болады деп күтіледі, республиканың оңтүстігінде әлі де жаңбыр жауады. Атмосфералық фронттармен байланысты ең күшті жауын-шашын еліміздің солтүстік-батысында, солтүстігінде, орталығында көктайғақ құбылыстарымен және желдің секундына 15-28 метрге дейін күшеюімен бірге жүреді деп күтіледі, жекеленген аудандарда көктайғақ болуы мүмкін, — делінген хабарламада.
Қарашаның алғашқы күндерінде ҚР аумағы бойынша ауа температурасы түнде -5+5 градус, күндіз +1+9 градус, еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында жылы болады — күндіз +10+18 градус.
Бірінші онкүндіктің ортасынан бастап белсенді циклон шығыс бағытта жылжып Қазақстан аумағынан кетеді, бұл циклонның ізінен Қара теңіз аймақтарынан антициклон таралады, бұл жауын-шашынның батыс өңірлерде тоқтауына ықпал етеді, онкүндіктің соңында республиканың қалған аумағында да жауын-шашын тоқтайды. Ауа температурасы еліміздің солтүстік жартысында түнде -3-13 градусқа дейін, күндіз -5+2 градусқа дейін, оңтүстік жартысында түнде -5+2 градусқа дейін, күндіз 0,+8 градусқа дейін біртіндеп төмендейді деп күтіледі, — делінген болжамда.
Айдың екінші және үшінші онкүндігінде Қазақстан аумағында Солтүстік теңіз, Батыс және Шығыс Сібір аудандарынан суық ауа массалары жиі келіп, тұрақсыз ауа райы болжанады.
Термометрлердің бағандары түсуі мүмкін: солтүстік жартысында түнде -17-25 градусқа дейін, күндіз -5-12 градусқа дейін; оңтүстік жартысында түнде -10-17 градусқа дейін, күндіз -3-10 градусқа дейін. Алайда Қазақстан аумағына Атлантика мен Иран аумағынан ауа массалары түсетін жылы күндердің де болуы күтіледі.