Басты бетЖаңалықтарҰлытау облысында...

Ұлытау облысында ғарыш кемесінің сынығы құлады: тұрғындар эвакуацияланды

Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының тұрғындары Орынбай ауылының маңында ғарыш кемесінің фрагменті құлаған сәтті видеоға түсіріп алған. Бұл бейнежазба әлеуметтік желілерде тарап, адамдар арасында жергілікті тұрғындардың денсаулығына зиян келуі мүмкін деген алаңдаушылық туындады. Алайда Жаңаарқа ауданының әкімдігі бұл бөлшек қауіпті емес және зиянсыз деп сендіреді.

Бұл жерге түскен бөлшек – «ПРОГРЕСС МС 21» жүк тасымалдаушы ғарыш кемесінің қалдығы. Орынбай елді мекенінен 25 шақырым жерге түскен. Жақын маңдағы қыстақ тұрғындары эвакуацияланды. Орынбай ауылының тұрғындарын қозғамадық. Космос кемесінің ұшу күні, уақыты және қалдықтың түсетін орны алдын ала белгіленіп, «Роскосмос» мамандарынан арнайы шұғыл әрекет ету топтары құрылып, күзетке алынған. Құлаған қалдықтар ғарыш кемесінің бірінші сатысы, яғни тұрғындарға зиянды әсері жоқ. Қалдықты тазалап, алып кету жұмыстары жүргізілді. Арнаулы техника және мамандар жұмылдырылып, бақыланды, — деп түсіндірді Жаңаарқа ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.