Басты бетЖаңалықтарПрезидент ТМД...

Президент ТМД үкіметтері басшылары кеңесінің мүшелерімен кездесті

Кездесуге Қазақстан Республикасының премьер-министрі Әлихан Смайылов, Әзербайжан Республикасының премьер-министрі Әли Асадов, Беларусь Республикасының премьер-министрі Роман Головченко, Тәжікстан Республикасының премьер-министрі Кохир Расулзода, Өзбекстан Республикасының премьер-министрі Абдула Арипов, Ресей үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Қырғыз Республикасы министрлер кабинетінің төрағасы – президент әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров, Армения Республикасының вице-премьері Мгер Григорян, Түрікменстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Ходжамұрат Гелдімурадов және ТМД атқарушы комитетінің төрағасы – атқарушы хатшысы Сергей Лебедев қатысты.

Президент ТМД елдері делегацияларының басшыларына ілтипат білдіре отырып, экономикалық серіктестікті кеңейту үшін жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.

Жуырда ТМД-ға мүше елдердің басшыларының маммиті өтті. Біз өзара ынтымақтастықты арттыруға, экономиканың әлеуетін нығайтуға деген ортақ ниетімізді білдірдік, — деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев шиеленісе түскен геосаяси қайшылықтарға, әлемдік экономикадағы тұрақсыздыққа назар аудара отырып, бірқатар тиімді шара қабылдауға шақырды.

Бұл ретте өзара сауда-экономикалық ынтымақтастық маңызды рөл атқарады. Өздеріңізге мәлім, Қазақстанның биылғы төрағалығы аясында ТМД-ның 2030 жылға дейінгі экономикалық даму стратегиясының міндеттерін белсенді жүзеге асыру ісі жалғасты. Халықаралық нарықтағы дағдарыс жағдайына қарамастан, экономикамыз біртіндеп қалпына келе бастады, — деді президент.

Фото: t.me/bort_01

Мемлекет басшысы кедергілерді жоюға, протекционизмге жол бермеуге, қолайлы тарифтік шарттар қалыптастыруға, әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде көлік-транзит әлеуетін дамыту мәселелеріне де тоқталды. Атап айтқанда, Еуразия нарықтарына жаңа мүмкіндіктер ашатын Транскаспий халықаралық көлік бағытының келешегі бар екенін жеткізді.

Бұл мәселенің өзектілігі артып келеді. ТМД-ға мүше мемлекеттер қолда бар әлеуетті дамыту үшін бірлесіп жұмыс істейтін болады. Атап айтқанда, Иранға, Парсы шығанағы мен Үндістанға шығатын «Солтүстік — Оңтүстік» бағыты бойынша сауда-саттықты өркендету маңызды, — деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында Астанада өтіп жатқан ТМД үкіметтері басшылары кеңесінің отырысы Достастыққа мүше елдердің алдында тұрған міндеттерді шешуге өз үлесін қосатынына сенім білдірді.