— Нұрдәулет, дүниежүзінің бұрынғы бірінші ракеткасы Новак Джоковичтің әр матчын жатқа біледі екенсің. Оны теннис тарихындағы феномен деп есептейсің бе?

— Новак Джокович — талантты, сауатты әрі ақкөңіл спортшы. Осы күнге дейін қаншама рекорд жасады, әлі де жасайтынына сенемін. Оның еңбекқорлығын, жан-жақты екенін үлгі тұтамын. Отбасымызбен Новак Джоковичтің жанкүйеріміз. Ол туралы көп оқимыз, әр матчын қайталап көреміз. Анам екеуіміз оның қанша шлемі бар екенін және қай шлемді қай жылы, қалай ұтып алғанын жатқа білеміз.

Новак 90 турнирді — кейінгісін Астанада жеңді. Барлық тоғыз Мастерс турнирінің жеңімпазы. Уимблдонның кейінгі төрт турнирінің чемпионы болды. Қазір Новак Джоковичтің 21 үлкен шлемі бар. Жеке кездесулері бойынша Роджер Федерерден де, Рафаэль Надальдан да алда тұр. 373 апта бойы дүниежүзінің бірінші ракеткасы болып, рекордты жаңартты.

Тағы бір байқағаным — Новак Джокович пародияны жақсы салады. Оның Мария Шарапова мен Рафаэль Надальді қайталаған пародиясы өте сәтті әрі қызық шыққан.

 — Әлеуметтік желілерде Новак Джоковичпен кездескен кездегі фотоң тарап кетті. Кумиріңді көргенде не сезіндің?

— Әрине, бұл кездегі сезімді айтып жеткізе алмаймын. Жақын арада онымен кездесемін деп күтпеген де едім, сондықтан қатты қуандым. Ол менің арқамнан сипап, «Жарайсың!» деді. Асығып-аптықпай, жанымызда кідіріп, фотоға да түсті.

Анам екеуіміз қолтаңба алдық. Анам сол сәтті фотоға ғана емес, видеоға да түсіріп алыпты. Толқығаннан теннисшімен ұзақ сөйлесе алмадым. Менің жанкүйер ретінде жасап апарған құралдарым қатты ұнағанын айтты. Новак Джоковичпен әлі талай кездесіп, әңгімелесеміз деген үміттемін. 

Нұрдәулет Болатжан Новак Джоковичпен Astana Open ATP 500 турнирі кезінде. Фото: Қазақстан теннис федерациясы

— Джоковичтен өзге қай спортшыларды жоғары бағалайсың?

 — Федерер мен Надаль да — ұлы теннисшілер. Федерердің әдемі ойнайтыны мен Надальдің еңбекқорлығы ұнайды.

Қазақстандық теннисшілерден Елена Рыбакина, Александр Бублик, Михаил Кукушкин ұнайды. Қазір Бейбіт Жұқаев жақсы ойнап жүр.

Жалпы Қазақстанда теннис жақсы дамып жатыр. Тенниске қызығатындар көп. Жуырда ғана Astana Open ATP 500 турнирі өтті. Дүниежүзінің теннис жұлдыздары келді. Біз үшін үлкен мереке болды.

— Өзің де теннис ойнайсың. Бұл спортқа қалай қызықтың? Отбасыңда спортқа, тенниске жақын адам бар ма?

— Менің теннис ойнауыма ата-анам себеп болды. Әкем мен анам спортты сүйеді, әсіресе, теннисті ұнатады. Үйде дастарқан басындағы әңгімеміз теннис пен Джокович туралы болады. Отбасылық дәстүріміз сияқты.

Анам шақалақ кезімде мені алдына алып отырып теннис көрген екен. 2013 жылғы қаңтарда Австралияның теннистен ашық чемпионатындағы 1/8 финалда Джокович пен Вавринка бес сағат бойы ойнапты. Анамның айтуынша, ол кезде екі айлықпын. Ол әрі-бері жүріп, мені оятып алмаймын деп, бес сағат бойы бір орнынан тапжылмай теннис көріпті. Осылайша, туғанымнан ракетка мен доптың дауысын естіп келемін.

Кейін ес біле бастағанда отбасыммен бірге теннис көріп, олардың осы спорт туралы әңгімесін тыңдап өстім. Теледидардан кейбір турнирді көрсетпейтін. Ондайда компьютердің алдына жиналып, онлайн тамашалайтынбыз. Әлі де солай. Ешбір турнирді жіберіп алмауға тырысамыз.

Нұрдәулет пен Новак
Фото Нұрдәулеттің жеке архивінен

Үйде әзірше кәсіби спортшы жоқ. Әкем — кәсіпкер, анам — ғылым кандидаты, университетте сабақ береді. Екі әпкем бар. Үлкені Шолпан — студент, одан кейінгі әпкем Ақнұр 7-класта оқиды. Өзім 2012 жылғы 30 қарашада Астанада тудым. 

Қазір Қаныш Сәтбаев атындағы Binom мектеп-лицейінің 4-класында оқимын. Қазақстан теннис федерациясының Астанадағы филиалында жаттығамын.

Әпкем Ақнұр теннис үйірмесіне барғанда ата-анам оған ракетка сатып әперді. Ол кезде өзім бес жасқа толмаған едім. «Мен де ойнаймын» деп жылап, әпкемнің ракеткасына таласатын болдым. Әкем мен анам ракетка сатып әпергені есімде. Жеке ракеткам пайда болған соң «Мен де ойнаймын» дейтінді шығардым. Ал теннис үйірмесіне жеті жастан бастап қабылдайтын. Анам әпкемнің тренеріне айтып жүріп, жеті жастағы балалардың тобына кіргізді. Алғашқы бапкерім Қайрат Серікқанұлы мен Әділ Бауыржанұлы болды. Қазір Айтуар Жанатұлымен жаттығып жүрмін.

— Болашақта да теннис ойнай бересің бе?

— Бастаған істен нәтиже шығару керек деп ойлаймын. Арманым — әлемнің бірінші ракеткасы болу. Уимблдонның бірнеше дүркін чемпионы болғым келеді. Ол үшін өте көп жаттығуым керек. Теннис — сәттілікке емес, тәжірибе мен ептілікке құрылған ойын. Сондықтан тек еңбек арқылы жеңуге болады.

Нұрдәулет, жас теннисші
Фото Нұрдәулеттің жеке архивінен

Биыл бірнеше рет «10 жасқа дейінгі теннис» республикалық турнирінде және «Жасыл доп» турнирінде жеңімпаз болдым. Жетістікке жетуіме бапкерім Айтуар Жанатұлы көп көмектесіп келеді. Ол кісі бізді еңбекқор болуға, кортта ерінбей жаттығуға, адал ойнауға үйретіп жүр.

 — Әңгімеңе көп рақмет, Нұрдәулет! Сәттілік тілейміз!