— Қуаныш Мұхатұлы, Таңбалы тастың тарихи-мәдени ескерткіш ретіндегі артықшылықтары туралы қарапайым халық тегіс біле ме? Нені білуіміз керек?

— Жалпы қазақ даласының қай тасын, қай жерін түртсең де, тарихтан сыр шертетіні барлығымызға мәлім. Әр ескерткіштің өз тарихы мен ерекшелігі бар.

Таңбалы — археологиялық кешен, тарихи-мәдени және табиғи қорық музей. Табиғатымен де ерекшеленеді. Халық кешен туралы нені білуі керек дегенге келсек, көпшіліктің бұл жерден көретіні мен білетіні тек петроглифпен шектелмейді. Мұнда біздің жыл санауымызға дейінгі XIIІ-XIV ғасырдан бергі сақталған 100-ден аса ескерткіш бар. Бұл — петроглифтер, қола дәуірінен бастау алған қорымдар, тұрақтар және құрбандық шалатын орындар.

Таңбалы Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарабастау елді мекенінен төрт шақырым жерде орналасқан. «Қызыл кітапқа» енген Грейг қызғалдағы сияқты гүлдерді музейдің маңынан көруге болады. Жоғарыда айтып өткендей, петроглифтер біздің заманымызға дейінгі XIII-XIV ғасырдан, яғни қола дәуірінен бастау алады да, ХХ ғасырға дейінгі аралықты қамтиды. Әр кезеңдегі петроглифтің салынуы әрқалай. Соған қарап, сол дәуірдің тыныс-тіршілігіне үңілуге болады.

Грейг қызғалдағы
Фото: Tanbaly.kz
Фото: Tanbaly.kz

Таңбалы тас — тек Қазақстан бойынша емес, Орталық Азиядағы алғаш зерттелген петроглиф. Сол себепті Орталық Азия елдеріндегі осы саланы зерттеп жүрген мамандар арасында «таңбалы стилі» деген ұғым пайда болған. Оларға әртүрлі ғылыми атау берілуі де Таңбалы петроглифтерінің ерекшелігін аңғартады. Бұған қоса, «күнбасты» бейнелерді айтуға болады. Мұндай бейненің жалпы саны 30-дан асады. «Күнбасты» бейненің әрқайсы әртүрлі салынған. Бірінің бас бөлігі күннің шуағы сияқты, ал кейбірінікі от пен жалын тәрізді.

Петроглифтерден Орталық Азияда көптеп кездесетін жануарлар — түйе, жылқы, түз тағысының бейнесі бар. Олардың да салыну стилі ерекше, осының барлығы Таңбалы тастың басқа тарихи ескерткіштерден ерекшелей түседі.

Фото: Tanbaly.kz

— Таңбалы тас ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне қалай еніп еді?

— «Таңбалы» қорық музейі ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне 2004 жылы енді. 1957 жылы Анна Максимованың жетекшілігімен Оңтүстік Қазақстан экспедициясының Жетісу отряды «Таңбалы» кешенінің петроглифтеріне және археологиялық ескерткіштеріне зерттеу жасады. Сол кезде Таңбалы аумағындағы Қарақұдықта екі қабір қазылды, экспедиция мүшесінің бірі Александр Попов қабірден петроглифтерді тапты. Осыдан кейін Таңбалыда қабірмен қоса, петроглифтер де зерттеле бастады. Сол жылғы зерттеулер жайлы алғашқы мақалалар, монографиялар жариялана бастайды. Одан кейінгі жылдары археологтар Алан Медоев, Алексей Марьяшев, Алексей Рогожинский Таңбалының петроглифтерін зерттеді.

1992-1993 жылдары Таңбалыдағы жартас суреттерін сақтап қалу, қалпына келтіру бойынша жұмыс істелді. 1998 жылы тарихи ескерткіштерді зерттеудің нәтиежесінде ЮНЕСКО-ның Қытайда болған отырысында Таңбалыны мәдени мұра тізіміне алдын ала енгізді. Ал 2001 жылы Таңбалыны республикалық тарихи ескерткіштер тізіміне қосты. ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енген соң ғалымдар бұл нысанды зерттеуге жаңа қырынынан қарай бастайды. Таңбалы 2003 жылғы Қазақстан үкіметінің қаулысымен «мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық музей» болды.

Мәдениет және спорт министрлігі 2002-2005 жылдар аралығында ЮНЕСКО-мен және норвегиялық мамандармен бірлесіп үш жақты келісімшарт жасап, жаңа жоба жасады. Бұл жобаның басты мақсаты Таңбалының барлық ескерткішінің құнды екенін үгіттеп, тізімде тұруға лайық екенін көрсету болды. Сол жоба іске асып, Таңбалы тас 2004 жылы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енді.

«Таңбалы» музейінің құрылысы 2019 жылы жүргізіліп, 2020 жылы пайдалануға берілді. 3 800 гектардың сыртынан визит орталығы үшін 24 гектар жер бөлініп, орталық салынды. Визит орталығы екі бөліктен тұрады. Алғашқысында көрме, конференция залы, зертхана, қалпына келтіру бөлмесі, кітапхана, қызметкерлерге арналған кеңсе бар. Ал екінші бөлігінде асхана, 10 бөлмеден тұратын жатақхана орналасқан. Музей аумағын 24 сағат бойы мемлекет қорғайды.

Фото: Tanbaly.kz

— Таңбалы тас халық вандализмінен қалай қорғалып жатыр?

— Таңбалы қорық музей болып ашылғаннан бастап бұл жерді мемлекет заң бойынша қорғауға алды: күзет қойды және шекарасын бекітті.

Таңбалының жалпы шекарасы — 3 800 гектар, оның 900 гектары — ерекше қорғауға алынған аймақ. Ерекше қорғауға алынуының себебі — аумақта жеті топтан тұратын жартас суреттері, петроглифтер, сонымен бірге сонау қола дәуірінен қалған қабірлер, тұрақтар бар.

Қазақ халқы негізінен мал шаруашылығымен айналасты, сол себепті мұнда қашарлар (мал қамайтын қора) сақталып қалған, бірақ мұның бәрі ЮНЕСКО-ның талабы бойынша тазартылды. Сонымен қатар «Таңбалы» қорық музейі болып ашылғанға дейінгі кешеннің ішімен өтетін автокөлік жолы жабылып, 3 800 гектар бүгінде тегіс қорғауға алынған.

— Таңбалы тастың дүниежүзі туризмінде орны бар ма?

— Иә, әрине, Таңбалы тас әлемдік деңгейдегі тарихи ескерткіштерден тұрады және ЮНЕСКО тізіміне алынды. Сол себепті дүниежүзі бойынша орны ерекше, оны осы саланың мамандары жақсы біледі. Таңбалының жартас суреті — тек Орталық Азия немесе Қазақстан көлемінде емес, дүниежүзі бойынша үлгі.

Таңбалыны дүниежүзі деңгейінде насихаттау бойынша ЮНЕСКО-мен бірлескен жұмыстар жүргізіліп тұрады. Ал республика көлемінде жылжымалы көрмелер ұйымдастырылады. Мақалалар жарияланып, БАҚ арқылы насихатталады, дәріптеледі. Бұған қоса, үш тілде ақпарат жазылған қолданыстағы сайты да бар.

Тағы атап өтетін жағдай — 2021 жылы ЮНЕСКО-мен бірлесіп Таңбалыдағы туризмді дамыту стратегиясы жасалды. Тарихи ескерткішті қорғау орталықтары арқылы да үгіт-насихат жүргізіледі. Мұнда жылына шамамен 10 мың адам келеді, соның 40-45%-і — шетелдік туристер. Орталық Азиядан ғана емес, Еуропа елдерінен, Америкадан де арнайы келіп жатады. Мұның барлығы «Таңбалының» дүниежүзі туризміндегі ерекше орнын аңғартады.

Фото: Tanbaly.kz

— Елімізде Таңбалы тас сияқты ЮНЕСКО тізіміне әлі енбеген, алдағы уақытта енуге лайық нысандар бар ма?

— ЮНЕСКО тізіміне республика аумағындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі алғаш болып енді. Одан кейін Таңбалы тас Орталық Азиядағы тарихи ескерткіштерді қорғау, сақтау мақсатында осы тізімге кірген еді.

Бұдан өзге де нысандар ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасы тізіміне ұсынылып жатыр және тізімге енген тарихи орындардың саны да артып жатыр. Әрине, лайық нысандар, көп. «Құлжабасы» кешені мен Арпаөзен таңбалы тастары ЮНЕСКО-ның құрамына кіруге әбден лайық дер едім.

— Әңгімеңізге рақмет!

Ләззат Құмарбекқызы