Ауыл шаруашылығы министрлігі қайтарылуы 2022 жылдың соңына дейін жоспарланған 5 миллион (5042692,2) гектар пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жоспарын мерзімінен бұрын орындады.
Бүгінгі күні жер пайдаланушылар бұрын тұрып қалған 1,8 миллион гектар жерді игеруге кірісті.
Айта кетейік, 2022 жылдың өзінде министрліктің жер ресурстарын басқару комитетінің республика бойынша аумақтық бөлімшелері учаске иелеріне қатысты ауыл шаруашылығы жерлерін алу мен пайдаланудың заңдылығына қатысты 1 357 жоспардан тыс тексеру жүргізді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 2022 жылғы 28 сәуірде құрамына мүдделі мемлекеттік және құқық қорғау органдары кіретін жұмыс комиссиясы құрылғанын еске саламыз. Осы комиссия құрылған сәттен бастап барлық өңірлерде ведомствоаралық топтар құрылды. Биылғы жылдың 9 тамызында Қазақстан президенті жер мәселелері бойынша тексерулер үшін ерекшелікті көздейтін жарлыққа қол қойды, бұл пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы алқаптарын қайтару бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың тиімділігін едәуір арттырды. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл бағыттағы жұмыс жалғасатынын хабарлайды, — делінген хабарламада.