Бас прокуратура қазақстандықтарға үндеу жасады

Құзырлы органдардың мәліметінше, әлеуметтік желілерде 24 және 25 қазанда орталық алаңдарда жергілікті атқарушы органдармен келісілген митингілерге қатысу туралы жалған хабарламалар мен арандатушылық үндеулер орналастырып жатыр.

Ал бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

Бұл күндері осы жерлерде қандай да бір митингілер өткізу келісілмеген. Республика күнін мерекелеуді ескере отырып, тек ресми мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін болады. Осыған байланысты осы жалған хабарламалар мен жарияланған акцияларды ұйымдастыру және оларға қатысу, сонымен қатар оларға шақыру заңсыз болып табылады. Өкінішке қарай, митингілерді немесе өзге де бейбіт жиналысты өткізудің заңды тәртібін бірнеше рет түсіндіруге қарамастан, оны бұзу орын алып жатыр, — делінген үндеуде.

Бас прокуратура өкілі бұл тәртіп 2020 жылғы 25 мамырда қабылданған «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңмен регламенттелгеніне назар аударған.

Сәйкесінше, заң талаптарын бұза отырып өткізілетін митингтерді, шерулерді, жиналыстарды немесе демонстрацияларды ұйымдастыру және оларға қатысу (3 — баптың 3-тармағы) заңсыз болып табылады және 25 тәулікке дейін қамаққа алумен әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша жауаптылыққа әкеп соғады.

Мысалы, 15 қазанда Алматыда заңсыз митингке қатысуға шақырған осындай үндеулер үшін А. деген азаматқа сот ӘҚБтК-нің 488-бабының 7-бөлігі бойынша 15 тәулікке қамаққа алу түрінде әкімшілік жаза қолданды. Осындай құқық бұзушылық үшін 12 қазанда Алматы облысында азамат Д. 15 тәулікке қамаққа алынды. Мазмұндалғанның негізінде, сонымен қатар заңдылықты, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында қолданыстағы заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққа берілмеуге және заңсыз акцияларды, оларға жария шақыруларды ұйымдастырудан және оларға қатысудан бас тартуға шақырамыз, — делінген хабарламада.

Құқық қорғау органдары белгіленген құқықтық тәртіпке қол сұғатын кез келген құқық бұзушылықтардың жолын кесетін және кінәлі адамдарға заңда көзделген барлық шараларды қабылдайтын болады.