Заман мен адам түрленген сайын небір күтпеген оқиғалар, жақсылы-жаман жаңалықтар көбейді. Дүрмекті кезеңнің ащысын татып, ауыртпалығын сезіп жатқан елдерді көзіміз көруде. Ал осындай мезетте Қазақстанның тұтастығын сақтап, ынтымағын ажыратпай отырғаны – оңды іс. Кешегі Рим Папасы Францисктің жерімізге келуі бекер емес. Адамзаттың ұлы рухани тұлғасы саналатын оның сөзіне көпшілік ұйып, құлақ асатынын білеміз. Еліміз жайлы жақсы пікірлер қалыптастырды. Бірлікті ту етіп, соның арқасында берекелі халыққа айналғанымызды сөз етті. Ұлт ретінде өзге этностарға құрметпен қарап, қол астымызда өсіп, гүлденуіне дем бергенімізді көпке үлгі санайтынын жеткізді. Шындығында да жұртымыз өзгеге қамқор, әрдайым жанашыр.
Одан соң оннан астам елдің басшылары бізге бас сұғып, келелі мәселелерін талқыға салғанын көрдік. Олардың арасында алпауыт елдер де бар. Мәселелердің түйінін тарқатпаққа бізге жүгініп, санасқанына қарағанда, еліміздің беделі үстем, ықпалы бар екенін аңғардық. Осылайша, біз Орта Азияда дүниежүзілік жайттарды сарапқа салатын үлкен талқылау алаңына айнала білдік. Мұны өзгелер тәрізді маңыссыз көп жиынның қатарында санаудың қажеті жоқ. Өйткені, тараптар «сен жақсы да, мен жақсымен» шектеліп, бос сөзге бой ұрған жоқ. Ойларын ашық айтып, көзқарастарын анық жеткізіп, керек жерінде батырып түсіндіріп отырды. Құр сөзбен келмегендерін көрсетті. Сондықтан Қазақстанның тұтастық пен ауызбіршілікті ту ету арқылы жеткен жаңа биігін бағалай білген абзал.