Мешіт төңірегіндегі ақиқат: Имамдарға қарсы арыз не үшін жазылды?

Ақпаратты Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің Баспасөз қызметі ұсынды

Кім қуылды? Жалақыдан қағылған кім? Құдайдың үйінен орын таппай жүрген кімдер? Арыз-шағымдардың негізі бар ма? Міне, осы сұрақтарға жауап іздедік. Нақты істің басында жүргендерді сөзге тарттық.  

Берілген пікірлер «Нұр Ғасыр» мешітінің штаттағы қызметкері болып табылмайтын Дәмен Өмірбектің өкіл имам Төлеби Оспан мешіт қызметкерлерін қудалап, жұмыстан шығарды деген мазмұндағы шағымы негізсіз екендігін айғақтап отыр. Бұған дейін мешіт қазандығында қызмет ететін жұмысшылардың жалақыларының қысқарғандығына шағымданып, Еңбек инспекциясына хат жолдағаны рас. Алайда, мәселенің мән-жайын тексерген Еңбек инспекциясының мамандары жұмыс беруші тарапынан ешқандай заңбұзушылықтың орын алмағандығын анықтап берген. Бұны мешітте қазандық операторы болып жұмыс жасайтын Қамат Досмурзиннің өзі де растап отыр.

Қамат Досмурзин, қазандық операторы«Мен «Нұр Ғасырда» қазандық операторы болып біраз жылдан бері жұмыс жасаймын. Еңбек инспекциясына шағым түсіргендердің арасында мен де болдым. Алайда, бұнымыз қателік болды. Себебі, инспекция мамандары мешіт тарапынан ешқандай заңбұзушылық орын алмағандығына заң жүзінде көзімізді жеткізді. Осы әрекетімізге қарамастан мешіт тарапынан ешқандай қысым не қудалау әрекеттерін көрген  жоқпын. Жалақым да, зейнетақы жарнасы да уақытылы түсіп тұрады. Одан бөлек діни мерекелер қарсаңында берілетін сыйақылар мен қайырымдылық шаралар кезінде берілетін азық-түліктерден де қағылған емеспін», — дейді Қамат Досмурзин.

«Қос бірдей арызды жазып берген Дәмен Өмірбек болатын»

Жасұлан Тойлыбаев«Қазандық операторлары болып екі рет арыз-шағым түсірдік. Біріншісінде — Еңбек инспекциясына жалақы жөнінде және екіншісі — іс басқарушы Б.Балкеновтың үстінен қалалық сотқа. Осы екі арыз-шағымды жазуға үгіттеп, арыз мәтінін дайындап берген Дәмен Өмірбек болатын. Мен тек қол қойдым. Ол ақша өндіріп беремін деп сендірді. Бірақ, еңбек инспекциясы еңбек шарттарының бұзылмағандығын анықтап берді. Мен алданып қалдым. Осы ісіміз арқылы мешіттің беделіне нұқсан келтірдік. Бірақ, біздің осы әрекетімізді мешіт әкімшілігі бетімізге басқан емес. Жалақыны да уақытылы алып келемін», — дейді бүгінгі таңда қазандық операторы болып қызметін жалғастырып жүрген Жасұлан Тойлыбаев.

«Имамдар қызметтік пәтерде тұрады»

«Мешіт асханасында қызмет еткендердің кейбірі өз еріктерімен босатылса, ал кейбірі Еңбек инспекциясының тексеруінен кейін ҚР Еңбек Заңының талаптарына сай, кәсіби біліктілігін растайтын құжаттарының болмауына байланысты босатылған және барлығы ұжыммен бейбіт мәміледе тарқасты. Жұмыс беруші, яғни мешіт аталған жұмысшылардың әрқайсысымен толық есеп айырысқан және ешқандай қарызы жоқ», — дейді мешіттің Іс басқарушысы Б.Балкенов.

Б.Балкенов, «Нұр Ғасыр» мешіті

Сонымен қатар Б.Балкеновтың айтуынша, «Нұр Ғасыр» мешіті имамдарға пәтер жалдап беріп отырған жоқ.

«2016 жылы облыс әкімі БЕрдібек Сапарбаевтың қолдауымен жаңадан келген діни мамандарға қаладан қызметтік 4 пәтер бөлінген. Имамдар сол қызметтік пәтерде тұрады. Сонымен қатар, барлық қызметкерлер штаттық кестеде бекітілген мөлшерде жалақы алады», — дейді ол.

«Зекет қорының өкілін ешкім қудалап жатқан жоқ»

«Зекет» қорының өкілі Д.Өмірбектің жұмыс жасауына «Нұр Ғасыр» мешітінің басшылығы тарапынан ешқандай қысым көрсетіліп отырған жоқ. Керісінше, мешіттен оған арнайы жеке кабинет бөлінген. Ол Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Зекет» қорының Ақтөбе облысындағы өкілі. Мешіттің қызметкері емес. Сондықтан оған мешіттен жалақы төленбейді. Д.Өмірбек Алматы қаласындағы «Зекет» қорының есеп-шотына қаржы түсірген жағдайда ғана өзінің түсірген қаражатының белгілі мөлшерін жалақы ретінде алуы тиіс. Алайда, Алматы қаласындағы «Зекет» қорына Ақтөбе облысынан 2013 жылдан бері ешқандай қаражат түспеген. Қордың өкілі қайырымдылықпен айналысудың орнына өзі жұмыс жасамайтын мешіттен негізсіз жалақы өндіріп алғысы келіп отыр», — делінген мешіттің баспасөз хабарламасында. Сондай-ақ мешіт басқармасы мұны «ортаға от салу» деп бағалап отыр.

«Батаны бала-шаға беріп жүрген жоқ»

«Nur.kz cайтында жарияланған мақалада көрсетілгендей, мешітте бірыңғай жастар жиналып, ақсақалдар жаппай қуылып жатыр деген пікір дәлелсіз» дейді «Нұр Ғасыр» мешітінің өкілі. Мұны мешіт ақсақалдарының өздері де растап отыр. Солардың бірі – Алланың үйіне келішулерге бата беріп жүрген Есім Дәулетбаев.

«Мен мешіт алқасының мүшесімін. Жамағатпын. Мешітте халыққа Құран оқып, бата беремін. Бұдан тыс қалаған уақытымда келіп құлшылығымды жасаймын. Имам ақсақалдарды мешіттен қуған емес. Имамдар айт мерекелері сынды үлкен шаралар қарсаңында ақсақалдарды ұмытқан емес. Әрдайым төрден орын беріп, оларға құрмет көрсетіп келеді», — дейді Есім ақсақал.

Мешіт, Бата беру
Ақсақал Есім Дәулетбаев Құран оқып, бата беруде

«Нұр Ғасыр» мешітінің ақсақалдар алқасының бұрынғы төрағасы Қуандық Қабден алқа мүшелерінің неліктен таратылғандығын айтты.

Қуандық Қабден, «Нұр Ғасыр» мешіті

«2016 жылдың жаз айында ақсақалдар алқасын тараттық. Өйткені, көпшілігінің жасы 80-нен асқан еді. Қазір мешітте қоғамдық жұмыстар өте көп. Бұрыңғы ақсақалдар алқасы жаңа құрамды қолдады. Баталарын берді. Ақсақалдар намаздарда алғашқы саптардан орын алып, елге баталарын беріп жүр. Қазіргі алқа мүшелерінің арасында облыстағы беделді оқу орнының президенті де бар. Қазір олар мешіттің қоғамдық жұмыстарында өте белсенді. Садақа мәзірін бірізге түсіру ісіне атсалысып жүр. Олардың ең жасы 44-те, ал, ең үлкені 70-те», — дейді Қуандық ақсақал.

Ал, «Нұр Ғасыр» мешіті алқасының мүшесі, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің президенті Бекежан қажы Аханның айтуынша, алқа мүшелері мешіттегі іс-шараларды тұрақты түрде қадағалап келеді.

«Алқаның екі бірдей мүшесі ревизиялық комиссияның құрамына кіргізілді. Олар санақ жұмыстарын жүргізеді. Бізге мешіт қаржысының қандай мақсатта, қайда жұмсалғандығы туралы есеп беріп отырады. Мешіттің мүлкі мен қаржысына қатысты жағдайлар біздің қарауымызға ұсынылады. Хаттамаланады. Біз келіскен соң ғана жүзеге асырады. Бас имамның 2017 жылы атқаратын іс-шаралар жоспарымен таныстық. Тың жобалар ұсынып отыр. Садақа мәзірін бірізділендіру, діни рәсімдердің атқарылуын жетілдіру, діни басқарма бекіткен 4 бағыт аясында атқарылатын бірқатар жобаларды ұсынды. Біз қолдадық. Өз тарапымыздан көмек көрсетіп жатырмыз. Біз мұны өз облысымыздағы мешітіміздің беделін арттыру үшін жасаудамыз. Бұған ақы алмаймыз. Керісінше, осы мешіттің мұқтаждықтарына жәрдем көрсеткіміз келеді. Бірақ, облыс халқының тиындап берген қаражатына салынған мешітіміздің абыройын төккісі келетін кейбіреулердің әрекеті өте ұят. Мұндағы мақсат не? Біз соны түсіне алмадық», — дейді Бекежан қажы Ахан.

«Нұр Ғасыр» мешіті
Мешіттің алқа мүшелері: Б.Ахан (ортада), Б.Құрманалин, Б.Абдуллин, Ғ.Дәулеталин, Ж.Қосанов

«Имамдарды аяқтан шалуды қашан қоямыз?»

«Кейбіреулер тым жақсы жұмыс жасап келе жатқан имамдарды аяғынан шалуға дайын тұрады. Енді біреулері мешіттің жәшігіне т.б. ішкі жұмыстарына араласқысы келеді. Оған басын сұға алмаса болды, жатып келіп арыз жазады. Мұны жүргізетін мешіттің өз әкімшілігі бар емес пе? Алқа мүшелері бар. Ревизиялық комиссия бар. Осылардың барлығы да жұмысты бақылап отыр ғой. Көрінген адам мешіттің ішкі жұмысына, жәшігіне араласа берсе, не болмақ? Кез-келген жерде тәртіп болу керек. Ал, тәртіпті талап еткен адам еш уақытта жақпайды. Мәселен, биыл Ақтөбе облысында бұрын-соңды өтпеген Мәуліт кешін жоғары деңгейде өткізіп, елдің ризашылығына бөленді», — деген пікірін білдірді мешіт жамағаты, алқа мүшесі Бекбол Абдуллин.

«Көлік жөнінде байбалам салудың қажеті жоқ»

Мешіт ауласында пайдаланусыз тұрған көліктер жөнінде мешіттің Іс Басқарушысы Б.Балкенов былай дейді:

«Бұл көліктердің екеуі бұрыннан жарамсыз болып тұрған көліктер. Ал, екеуін қажеттілікке қарай пайдаланып жүрміз. Олардың барлығы да бақылауда тұрған көліктер. Ешқандай да талан-таражға түсіп жатқан жоқ. Ал, Әйтекеби ауданының бұрынғы имамының көлікті аударып алған оқиғасы 2015 жылы болған. Дей тұрғанмен, Бас имам көлік шығынын қалпына келтіру жұмысын күн тәртібінен түсірген емес. Қазіргі таңда ол имам өзге облысқа қызметке ауысса да, жалақысынан ай сайын белгілі бір мөлшерін аударып отыр. Сол себепті, көліктер жөнінде байбалам салудың қажеті жоқ.

Дәмен Өмірбек жақында жалақысын өндіріп беруін сұрап, Ақтөбе қалалық сотына ресми талап-арыз жолдапты. Арызданушы Дәмен Өмірбек «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің штаттық қызметкері емес.  Ол ҚМДБ «Зекет» қорының Ақтөбе облысы бойынша өкілі. Демек, өзі жұмыс жасамайтын мекемесінен жалақы талап етуі қисынға келмейді.

«Діни мамандар ашық конкурспен шақырылды»

«Діни мамандардың тапшылығы — жалғыз Ақтөбе облысында ғана емес, өзге өңірлерде де кездесетін өзекті мәселелердің бірі. Аталмыш мәселеге көңіл бөлген өкіл имам Ақтөбе облысында туған діни мамандарды осында қызметке шақырып, БАҚ беттерінде ашық конкурс та жарияланған болатын. Яғни, жұмысқа кадрларды іріктеу кезінде біреуді шеттету сынды жайттар орын алмаған»,- делінген хабарламада.

«Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының аясында ҚМДБ-ның қолдауымен Бас мүфти бұйрығымен өткен жылы 16 діни маман қызметке тартылды. Биыл да «Нұр Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетіндегі оқуын тәмамдайтын 11 ақтөбелік түлек пен «Ақтөбе медресесі» колледжінен бітіретін 6 шәкірт, барлығы 17 түлек облыс мешіттеріне әр түрлі діни қызметтерге бөлініп отыр. Олар мамыр айында оқуларын аяқтасымен-ақ Бас мүфти бұйрығымен қызметке кіріседі деп күтілуде.

«Имамдар негізсіз арыздарға жауап жазумен емес, ағартушылықпен айналысулары қажет»

«Мұхаммед пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде нағыз мұсылман өзгеге тілімен де, қолымен де зиян тигізбейтін адам екендігі айтылады. Ендеше, мұсылманшылығымыздан ажырамай, ақиқатты ғана айтушылардан болайық», — делінген «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз хабарламасында.

«Осындай негізсіз арыз-шағымдар имамдардың маңызды жұмыстармен бел шешіп айналысуына кедергісін келтіруде. Істің байыбына бармастан, түймедей затты түйедей етіп, шу шығарып, мешітке негізсіз жала жабудың салдарынан қоғамда имандылық үйіне деген сенімсіздіктер туады. ҚМДБ-ның Ақтөбе өкілдігі домалақ арызға жауап жазумен емес, елді имандылыққа шақырумен, жастарды жат ағымның арбауынан арашалап қалу үшін ағартушылық жұмыстармен шұғылдануы тиіс. Сол себепті, мешіт имамдарының өз міндеттерімен айналысуына мұрша беріңіздер», деп өтініш білдірді мешіт өкілдері.