Қонаев ғылым-білім орталығына және студент жастардың қаласына айналуы керек. Қазір жоғары оқу орындарының көбі Алматыда орналасқан. Бұл халық онсыз да тығыз қоныстанған қаланың ахуалына өз әсерін тигізеді. Онда көлік кептелісі көп. Жатақхана және қолжетімді баспана тапшылығы бар. Шаһардың ауасы да ластанып барады. Осының бәрін ескере отырып, Қонаевта «академиялық қалашық» құру мәселесін қарастырған жөн деп санаймын. Ірі қалалардың жанынан инновациялық орталық құрған елдер аз емес. Үкімет бұл мәселе бойынша жаңа жылға дейін нақты ұсыныс беруі керек, — деді президент жұртшылықпен кездесуде.
Оның айтуынша, жастардың Алматы сияқты ірі қалада оқып, жұмыс істегісі келетіні түсінікті.
Дегенмен, Қонаев студенттер үшін өте ыңғайлы қала болар еді деп ойлаймын. Бұл жақта жатақхана салуға жер жеткілікті, пәтер жалдау да қымбат емес. Құзырлы министрлік Қонаевта Алматыдағы жоғары оқу орындары мен колледждердің бөлімшесін ашу мәселесін қарастыруы керек. Сонымен бірге жаңа заманауи университет ашу ісін ойластыруы қажет. Жалпы, әлемнің ірі университеттерінің көпшілігі ірі қалаларда емес, қаладан алшақтау жерлерде жайғасқан. Бұл жастардың алаңсыз білім алуына қолайлы жағдай жасау үшін қажет. Осы қадам өңірдегі кадр тапшылығына байланысты түйткілдерді шешуге де зор септігін тигізеді, — дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.