Жарнама қызметі мен нарық конъюнктурасын зерттеу саласындағы қызметтер көлемі бірінші жартыжылдықта экономиканың бақыланбайтын секторын қосқанның өзінде 136,63 миллиард теңге болды. Бұл ақшалай мәнде былтырға қарағанда 11,2% аз деген сөз. Экономиканың бақыланбайтын секторын есепке алмасақ, бұл көрсеткіш 136,61 миллиард теңге болады. Мұнда да былтырғыдан 11,2% аз. Өңірлер арасында жарнама қызметі мен нарық конъюнктурасын зерттеу саласындағы қызметтердің 74,6% Алматыда (101,9 миллиард теңге) шоғырланған. Одан кейінгі орында Астана (15,6 миллиард теңге) мен Қарағанды облысы (6,8 миллиард теңге) тұр, — делінген хабарламада.
Салада көрсетілген қызметтер көлемінің 97,3% шағын кәсіпорындарға (102,4 миллиард теңге) және жеке кәсіпкерлерге (30,5 миллиард теңге) тиесілі болған.
Орта және ірі кәсіпорындарға тиісінше 1,6 миллиард және 2,1 миллиард теңге ғана қажет болды. Қызметтер құрылымында жарнама агенттіктерінің қызметіне 112,3 миллиард теңге жұмсалды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20,9% аз. Нарық конъюнктурасын және қоғамдық пікірді зерттеу саласындағы қызметтер көлемі 19,7 миллард теңге болды. Бұл былтырғыдан 2,4 есе көп. БАҚ-та жарнама жариялауға 4,6 миллиард теңге жұмсалды. Бұл былтырғы жарты жылдықтан 27,6% артық. Жылдың алғашқы алты айында жарнама қызметі мен нарық конъюнктурасын зерттеу саласындағы орташа айлық 258,7 мың теңге болды. Бұл жалпы республикадағы орташа жалақыдан аз (298,6 мың теңге), — делінген сараптамада.