Басты бетЖаңалықтарКүләш Ахметова:...

Күләш Ахметова: Дүниежүзіне бейбітшілік жайлы хабар таратты

– Еліміз күн сайын алға жылжып, өсіп-өркендеудің жолында аянбай келеді. Өткен ғасырдан-ақ халқымыз бірнеше этноспен бірге бір қазанда біте қайнасып, тағдырлас болып, тату ғұмыр кешті. Бүгінгі күні де сол ынтымағымызды берік ұстанып отырмыз. Бұндай келісімді өзге жұрттар байқамайды емес, біліп отыр. Сондықтан да кешегі Рим Папасының елімізге қонақтап келіп, бүтін дүниежүзіне бейбітшілік жайлы хабар таратуы бекер емес. Қазақ халқы барша этностың басын құрап, олардың мәдениетіне, тіліне, ерекшелігіне құрметпен қарады. Қазір айтылып жүрген толеранттылық ұғымы халқымыздың бойына қонақжайлықпен берілсе керек. Бірлікті бәрінен биік санадық. Сол арқылы мемлекеттің тұғыры үстем болды.

Жақында бірталай елдің басшылары Қазақстанға келді. Жай келген жоқ, өз ойларын, көзқарастарын жеткізіп, жалпыға ортақ қиын мәселелердің шешімін таппаққа талқылаулар өткізді. Еліміздің әлемге аты шыққан талқылау ордасына айналғаны – қуантарлық жайт. Осы арқылы біз өзге елдерге дүниежүзінде ойып тұрып алар орнымыз бар екенін дәлелдей түстік. Бұл тұста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық һәм ынтымақ жолына негізделген ерен еңбегін айтпай кетуге болмас. Халқымыз да бейбіт күннің қадірін біледі. Басқа жұртқа үлгі болуда. Әйтпесе осынау заман дамыған уақытта араздасып, кескілесіп жарқын болашақ жайлы ойлау мүмкін емес. Бабаларымыз «қара шай ішіп отырсаң да, қайғысыз күнге не жетсін» деп бекер айтпаған. Сондықтан ынтымағымыз мызғымай, бірлігіміз арта берсін!