«Куда дальше» иммерсив аудиоспектаклі

Кейінгі жылдары Алматы көшелерінде ерекше спектакль пайда болды. Бұл қойылымға билет алғандар 100 минуттай мегаполис көшелерінде арнайы киім киіп, аудиоспектакльді құлаққап арқылы тыңдайды әрі өзі де қойылымның бір бөлшегі болады.

Мұндай иммерсив қойылым мегаполистегі басқа театрлардан ерекшеленіп тұрады. Оған себеп те жоқ емес. Театр жобасымен 30 шақты адам жұмыс істеген. Олардың айтуынша, адам жаны үнемі «Енді қайда барамыз?» деген сұраққа жауап іздегісі келіп, жанталасады. Құлаққап арқылы қосылатын сценарийде Алматы туралы біз біле бермейтін қызықтар, махаббат, жақындық туралы оқиғалар және жалпы өмір туралы айтылады.

Ботаника бағы реконструкциядан кейін де келушілерді қызықтыру жолында ізденіп, баққа келушілерді «Куда дальше» аудиоспектаклінің авторларымен «Армандайтын сәт» деп аталатын иммерсив спектакльге шақыра бастады. Қонақтар құлаққап арқылы келіп тұрған дыбыстың бұйыруымен қозғалады. Ал онда айтылатын ақпараттар ботаникамен тікелей байланысты. Бақтың мұндай ерекше қойылымды ұйымдастырудағы мақсаты – ботаника кешенін ғылыми әрі мәдени орын ретінде таныстыру, оның тарихын таныту. Аудиоспектакльге барған алматылықтар мен қала қонақтары оның ерекше тәжірибе екенін айтып жүр. «Мұны әркім өзі сезінуі керек», — дейді олар.

Алматының тұрғыны немесе қонағысыз ба, маңызды емес. Осы қойылымға бір қатысып, адамзаттың өмір бойы қоятын «Енді қайда барамыз?» деген сұрағына жауап іздеп көріңіз. Айтпақшы, бұл жолғы дресс-код басқа. Жайлы аяқкиім кию ұсынылады. Билетті жобаның сайтынан онлайн алуға болады.

Фото: Кudadalshe.com

Қарағандыдағы мурал

Қарапайым мурал ескі ғимаратқа соншалық көрік береді деп ойлап па едіңіз? Мұндай нәрсе ойыңызға кіріп-шықпаған болса, жап-жақсы мысал келтіре аламыз. Қарағандыдағы К.С.Станиславский атындағы орыс драма театр ғимараты әжептәуір ескі еді. Ал бүгінде оның айналасына халық көп жиналатын болған. Себебі ескі ғимарат қазір қаланың көрікті жерлерінің біріне айналды. Мұнда адамдар әдемі стрит артты тамашалауға, оның маңында фотоға түсуге және серуендеуге келеді. Оған себеп – ғимаратқа Jusan банкінің қолдауымен салынған мурал.

Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, еліміздің белсенді азаматтары өз қалаларында әдемі муралдардың болғанын қалайды. Бірақ компания соның ішінде ең бірінші Қарағанды қаласын таңдады. Оған Мәдениет және спорт министрі де келісімін беріп, мұндай жобаны бірден қолдаған. Банктің мақсаты – жергілікті таланттарды және әлеуметтік маңызды жобаларды қолдау арқылы креатив экономикаға үлес қосу және адам әлеуетін дамыту. Осылайша сары-қызғылт түстес арт мурал К.С.Станиславский атындағы Қарағанды орыс драма театрының ғимаратына жаңа өң берді. Ал театр ұжымы заманауи өнердің классикалық өнермен ынтымақтасатын орны болуға қуана келісті. Алдағы уақытта мұнда іс-шаралар, кездесулер және арт-кафе ұйымдастырылмақ.

Қабырға суретінің негізгі авторы – түрлі суретімен танымал Дмитрий Репас. Муралды салуға жергілікті жігіттер де қосылған. Бұл суретті «аспан астындағы галерея» деп атауға болады. Себебі мұнда Алматы, Қарағанды және Теміртау суретшілерінің шығармашылығы үндесіп тұр. Муралдың ерекшелігі – онда бірнеше адамның бет-әлпеті салынған. Бір жерде К.С.Станиславскийдің өзі тұрса, тағы бір жерде адамның эмоциялары бейнеленген. Сонымен қатар стрит-арттан театрлардың символына айналған масканың суреті де байқауға болады. Дегенмен ең дұрысы – ғимаратқа жақын барып, өз көзіңізбен көру.

Болашақта мұндай арт жобалар еліміздің басқа да қалаларында ұйымдастырылмақ. Соның бірі жақында Астанада банктің қолдауымен ашылмақ. Себебі Jusan банкі креатив экономика еліміздегі туризмнің дамуына тікелей атсалысады деп есептейді. Жаңа муралды көру үшін Қарағанды қаласындағы Назарбаев даңғылы, 19/1 мекенжайына барсаңыз, жеткілікті. Айтпақшы, драма театрының осы айдағы репертуары үлкен. Театрға билет алуды ұмытпаңыз.

мурал
Фото: Stanislavsky.kz

Абай театрының ребрендингі

Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры ашылғалы бері алғаш рет ребрендинг жасады. Мәдени орта сол арқылы өзінің ғасырлық тарихы мен заманауи арт өнерін ұштастырып, опера және балет театрын одан сайын танытуға қадам басты. Логотиптің бір ерекшелігі – ол театр ғимаратының қасбетінен жасалып тұрғаны. Сахнаның сызбасы, есіктердің төбесі, жақтауы, ғимарат ішіндегі ою-өрнектер – осының бәрі «Абай» деген ребрендингке әдемі ұштасқан. 1934 жылдан бері театрдың афишасы мен билеттерінде түрлі сурет болды. Бірақ ұжым мәдени орданың мол мұрасын қазіргі сәнмен көрсететіндей белгі жасағысы келді.

«Логотипте театрдың ДНҚ-сын көрсетуге және оны өз ерекшелігімен жасауға тырыстық», — дейді авторлар.

Логотипті салған авторлар әуелі театрдың мұрағатын ақтарған, ғимараттың әр бөлшегін фотоға түсіріп, зерттеген. Ақыры суретшілер ғимараттың іші мен сыртындағы детальдардан шабыт алып, жаңа ребрендингті театрдың 80 жылдығына сыйға тартты. Абай жазуындағы әрбір әріп – театрдың өзі. Ал негізгі графикалық элемент – театрдың ішкі-сыртқы дизайнында жиі кездесетін өрнек элементі. Тіпті ребрендинг осы үшін арнайы жүлдеге де ие болды. Сонымен қатар театрдың жаңа логотипі жейделер мен шоперлерге басылып шығып, жастар арасында сәнге айналып кетті.

Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында қазан айында Вячеслав Полуниннің «Снежное шоу» қойылымы болып жатыр. Шойға барып, театр ғимаратының сән-сәулетін көріп қайтуды ұсынамыз. Театр мекенжайы: Қабанбай батыр көшесі, 110.

Фото: «Абай» театры