Басты бетЖаңалықтарПрокурор Біртановты...

Прокурор Біртановты 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

Біртановты ҚР қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп тануды және мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды ұсынамын. Біртановқа қатысты үй қамағы түріндегі бұлтартпау шарасы қамауда ұстауға ауыстырылсын. Жазаны өтеу мерзімі үкім заңды күшіне енген күннен бастап есептелсін. Біртановты қамауда ұстау уақыты 2020 жылғы 30 қазаннан 2020 жылғы 6 қарашаға дейін, сонымен қатар үкім шығарылған күннен бастап ол заңды күшіне енгенге дейін жазаны өтеген 1,5 күн үшін қамауда ұстаудың 1 күні есебінен жаза мерзіміне есептелсін. Біртановты үй қамауында ұстау уақыты 2020 жылғы 7 қарашадан бастап үкім шығарылған күнге дейін жазаны өтеген бір күн үшін үй қамауының 2 күні есебінен жаза мерзімінде есепке алынсын, — деді прокурор Бауыржан Шекенов сотта.

Сонымен қатар айыптау Біртанов пен оның орынбасары Әбішевтен 1 миллиард 548 миллион 136 мың 575 теңгені тең үлестермен өндіріп алуды, сонымен бірге Біртановтан 2020 жылғы наурызда коронавирус пандемиясы кезінде санитарлық авиация бортын пайдалануға жұмсалған 5 миллион 503 мың 721 теңгені өндіріп алуды талап етті.

Еске салайық, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2020 жылдың 3 қарашасында бюджет қаражатын ысырап етті деген күдікпен қамауға алынған болатын.

Тергеу материалы бойынша, Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевке Ericsson Nicola Tesla компаниясының қызметін пайдалану кезінде «лауазымдық өкілетін теріс пайдалану» арқылы мемлекетке 1,5 миллиард теңгенің шығыны келтірді деген айып тағылып отыр.