48 жастағы Қарақат Әбденнің мамандығы – экономист-маркетолог. Мемлекеттік қызметте ұзақ жыл тәжірибесі бар – мемлекеттік кіріс, қаржы министрлігі мен салық комитетінде түрлі лауазымды қызмет атқарған. «Нұр Отан» партиясы (қазіргі Amanat) аппаратында да қызмет істеген. Астана мәслихатының депутаты.
Ол президент жанындағы әйел істері және отбасы-демография саясаты жөніндегі ұлттық комиссияға мүше, Астана әкімінің әлеуметтік мәселелер бойынша штаттан тыс кеңесшісі, астана қоғамдық кеңесіне мүше. Одан бөлек, балалар үйі тәрбиеленушілеріне де жетекшілік етеді деп айтылады.
«Қарақат Әбден 2013 жылдан бері «Мәдени-инабаттылық қыздар институты» деп аталатын «Қазақ қызы» ұйымына жетекшілік етеді. Аталған ұйымның негізін де өзі қалаған. 2019 жылы «Сен қазақтың қызысың. Мақтан ет!» атты кітабы жарық көрген кезде бірқатар белсенділер кітап мазмұнын сынап, бұған қоса ол мемлекет қаржысымен басылып шыққан болуы мүмкін деген болжам айтқан. Себебі «Қазақ қызына» жыл сайын мемлекеттен миллиондаған теңге бөлінеді», — деп хабарлады Азаттық радиосы.
Қарақат Әбден кандидат ретінде тіркелсе, ол Қазақстан тарихында президенттікке үміткер ретінде тіркелген екінші әйел атанады. 2019 жылғы сайлауда Дания Еспаева «Ақ жол» партиясы атынан президенттікке үміткер болған.
Айта кетейік, 2022 жылғы 20 қарашада өтетін кезектен тыс президент сайлауына қатысуға «Ауыл» партиясынан Жигули Дайрабаев ( ОСК-ға 6 қазанда құжаттарын өткізді), 6 қазанда құрылған «халықтық коалиция» атынан Қасым-Жомарт Тоқаев (ОСК-ға құжаттарын 7 қазанда өткізді), ЖСДП-нан Нұрлан Әуесбаев (7 қазанда құжатын өткізген), «Аманат» кәсіподақтар достастығынан Мейрам Қажыкен (ОСК-ға құжаттарын 4 қазанда өткізген) үміткер ретінде тіркелді.
Еске салайық, президент сайлауына кандидаттарды ұсыну 11 қазан күні кешке аяқталады.