Алдымызда кезектен тыс президент сайлауы тосып тұр. Тағдыршешті таңдау туатын, ел адаспау керек кезең. Халық өз даусын нағыз жанашыр тұлғаға берсе екен деген тілегім бар. Кез келген дүниеге көз жұма қарауға болмайды, әркім өзінің мойнындағы үлкен жауапкершілікті сезінгені жөн. Таңдауын ой таразысына көбірек салғаны абзал. Халықтың тағдыры, елдің игілігі үшін жасалып жатқан іс деп қарағаны дұрыс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауды мерзімінен бұрын өткізуді бекерден бекер ойластырмағаны анық. «Менің дауысым не шешеді? Менен басқалар да таңдау жасап жатыр ғой» деген пікір жаңсақ. Біле білсеңіз, әділ өткен сайлауда бір дауыстың өзі жағдайды мүлде басқа арнаға өзгертіп жіберуі мүмкін. Барша жұрт сайлауға асқан жауапкершілікпен қараса игі. Өнер адамы ретінде біз де бұл маңызды оқиғадан шет қала алмаймыз. Бір кісідей үлес қосып жүргеніміз бұрынннан белгілі.
Қазір еліміз үшін бейбітшілік, тұрақтылық пен ауызбіршілік аса маңызды, бірінші орында тұратын құндылық болуы тиіс. Көрші елдерде не бір жайсыз оқиғалар өрбіп, халқы қиындық көріп жатқанын білеміз. Өзге елдерге босып кетіп жүргендері де баршылық. Осындай сын сәттерді бастан өткермеу үшін біз де алдын ала сабақ алып, қамданғанымыз дұрыс. Сондықтан бар мәселеде ақылға, сабырға жүгініп, бірлікті мақсат тұтып, мемлекеттің бейбіт ғұмыр кешуін ойлауымыз қажет. Әр нәрсені саралап барып жүйелі істерге жұмылатын қоғам қалыптасқаны абзал.