Сиблинг — бір ата-анадан туған балалар дегенді білдіретін генетикалық термин. 

Әсем, 20 жаста:

«Үйде төрт ағайындымыз: үш қыз, бір ұл, өзім үйдің үлкенімін. Бірінші сіңлім туғанда бес жаста едім. Бес жыл бойы еркелеп өстім, ал-ата анам екінші сәбиді ұзақ күтті. Перзентханадан шығарып әкелген күн әлі есімде, нәрестені төргі бөлмеге жатқызып қойған, қайта-қайта жүгіріп барып, кішкентай қол-аяғын ұстай беремін, «қуыршақ сияқты» деп қоямын. Кейін екеуіміз де мектепке бара бастағанда мұның бәрі ұмытылып, біртүрлі қызғанып, үнемі сіңліме ренжитінді шығардым. Ол сабақтардан төрттік алып қалса, «Е-е, ештеңе етпейді» дейтін, ал төрттік менің күнделігіме түссе, үйде «соғыс басталып» кете жаздайтын. «Дұрыс дайындалмағансың» деп сөгетін.

Әкем бір күні жұмысынан «Баланы бес жасқа толғанша ұруға болмайды» дегенді естіп келгенін айтты. Ол кезде менің жасым беске толып қойған, мектепке баруға дайындалып жүргенмін. Ал сіңлім енді ғана туған, осылайша төрт бауырым да қол көтеру дегеннің не екенін білмей-ақ өсті. «Сонда мені неге ұрдыңдар?» деп қатты ренжігенім әлі есімде.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Ата-анам сіңліммен арамызда дау пайда болса, үнемі кішкентайды ақтап шығады. Өмір бойы «Кішкентай ғой, қоя сал» дегенді естіп келемін. Сіңлім мұны білген соң ата-анамның көзінше әдейі дау шығарып, өзі бастап, өзі жылап қала салатын болды. Өзім мұның бәріне ата-анам кінәлі деп есептеймін. Әрқайсымызға әртүрлі қарым-қатынас жасағаны үшін арамыз да суып кетті.

Ең жаманы — біздің қоғамда үлкен бала бірден бауырларының «екінші ата-анасы» болып шыға келеді. Сабақтан ерте қайтуың керек, бала қарап, үй шаруасына көмектесуің керек. Өзің бала болсаң да, мойныңда бірнеше адамның жауапкершілігі пайда болады. Әкем сол кезде бес сабақтан кейін бірден үйге қайтуымды талап ететін. Қосымша үйірмелерге қатысуыма да қатты қарсы болды. «Кейін, кейін» деп жүріп, оқуымды бітіріп, қазір өзім мұғалім болып отырмын, бірақ қазір уайым басқа, ондай тірлікке уақыт та жоқ. Алайда сол кездегі қыспақ үшін әлі де реніш бар. Тіпті осы мәселеде де бауырларымда еркіндік, таңдау болды, үйірмеге қатысып, ән-бимен айналысты, спортқа жазылды. Ал мен анаммен бірге соларды шығарып салып, келген соң үй тапсырмасын орындауға көмектесіп, уақыт өткізетінмін. Мен сонда тек үйдің үлкені болғаным үшін осының бәрінен мақұрым қалдым ба?

Қазір ата-анаға баланы қалай тәрбиелеу жайында нұсқаулық, ақпарат жетеді. Ал мен қыңыр болсам, біраздан кейін анам тәпішкесін лақтыратынын сезіп өстім. Қазір ата-анама «Неге өйттіңіздер, неге мені ұрып, ал қалған үшеуін алақанға салып, еркелетіп өсірдіңіздер?» десем, «Ол кезде білмедік қой» деп қоя салады.

Ең сорақысы — мен әлі күнге ата-анаммен тұрамын, күн сайын жұмысыма қала сыртынан қатынаймын. Көзді жұмып, қалаға бөлек пәтерге көшіп кеткім-ақ келеді, бірақ «ананың сабағы бар», «мынаның жұмысы бар», «анама көмектесуім керек, бір өзі қиналып қалады» деймін де, ойымнан айнып қаламын. Кейін бейсаналы түрде мойнына бірден бірнеше адамның жауапкершілігін жүктеп алудың дұрыс емес екенін білсем де, ештеңе істей алмай жүрген өзімді аяп кетемін.

Бірде орыс тілі сабағында мұғалім «Бірінші балалар қорқақ келеді, ал ортаншы, кіші балалар тәуекелшіл. Себебі біріншілер тәуекелге барар болса, кейін оны қорғап шығатын ешкім жоқ. Ал қалғандары сол біріншісіне сеніп, тәуекелдерге барып, түрлі істің басын бір шалып, әйтеуір жетістікке жетіп жатады» дегені есімде. Сол кезде де біртүрлі ренжіп қалған едім. Қарап тұрсам, сөзі шын-ақ екен.

Мұның бәрі дұрыс емес екенін, өзіме әділетсіздік жасалғанын екі жыл бұрынғы карантин кезінде түсіндім. Үйде болған соң көп кітап оқып, психологияға қызыға бастадым. Кейде шындықты қабылдау, жүздесу қиын болған соң кейбір бетін оқымай ұзақ жүріп алатынмын. Кейін бір айналып келіп, тағы оқып, ата-анамды «Олар да әке-шешесінен көргенін істеді, мені де солай тәрбиелеуге тырысты, ол кезде қазіргідей көп ақпарат болмады» деп ақтап аламын.

Алайда қанша тырыссам да, сол күйі сіңліммен қарым-қатынасымызды түзей алмай-ақ қойдым. Біраз жыл бойы бір үйде тұрсақ та, әңгімелесу былай тұрсын, бір-біріміздің бетімізге қарамай жүре беретінбіз. Сол бала шақтағы түсініксіз реніш осындай үлкен ауыртпалыққа ұласарын кім білген… Бір жағынан ол да екінші болып туғанына кінәлі емес қой. Оның бәрін түсініп, араны түзетуге әрекет жасасам да, сырлас, жақын бауыр болып кете алмадық, қазір әйтеуір шай үстінде аздап сөйлесіп қоямыз».

Ару, 23 жаста:

«Алты ағайындымыз. Өзімнен кейінгі сіңліммен арамыз бір жарым жыл. Арамыз қатты алшақ болмаған соң ба, сол сіңлімді ес білгелі бір бақталас көріп, жек көріп өстім. Алғаш рет қызғанышты сіңлім үш жасқа толғанда әкем оның туған күніне менімен бірдей қуыршақ сыйлағанда сездім. Ішімнен бірнеше аптадан соң менің туған күніме де дәл сондай сыйлық келерін түсініп тұрсам да, қызғаныштан бірден сіңлімнің көзінше жаңағы қуыршақтың басын жұлып алдым. Екеуіміз де жылап, ата-анам Тоғжанның (сіңлі — ред.) көзінше мені жерден алып, жерге салды. Осыдан кейін сөзге келіспей қалсақ, үнемі тек кішкентай болғаны үшін Тоғжан бейкүнә болып шығатын болды. Одан кейін де ата-анам осындай жағдайларда мені бірде-бір рет қолдамапты, менің ашу-ренішім де барған сайын күшейе берді. Тоғжан екеуіміз кәдімгідей жауласып алдық, жаманы – біз әлі күнге тым суық араласамыз.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

«Үнемі ойымда сол бір орнымды алып алады-ау», «Ата-анам мені жақсы көрмей қалады-ау» деген үрей тұратын. Ал ол үрейдің басты себепкері — сіңлім. Сосын біраз жыл өзімше Тоғжанды жазалауға тырысумен әлек болдым. Үшінші, төртінші бауырларыма шоколад беріп, Тоғжанға түк бермейтінмін. Әйтеуір бірдеңе ғып жанын ауыртқым келіп тұратын. Бұзық болғаным соншалық, кейінірек ата-анам Тоғжанға бірдеңе істеп қоймасын, екеуіміз бірге қалсақ, бір жамандық боп қалмасын деп, мені ата-әжеме жиі жіберетін болды.

Сіңлімді жек көргенім соншалық, бір түні жылап отырып, «Алла, бәріміз жұмаққа кірер болсақ, Тоғжанды кіргізбей қойшы» деп қол жайғаным есімде. Қазір бәрі күлкілі, әрине, бірақ ол кезде менен қатты қиналып жүрген адам жоқтай болып көрінетін.

Ата-анам үшінші, төртінші бала туғанша ес жиып, қандай қате жібермеу керек екенін түсініп алған сияқты. Мен және сіңлім Тоғжан туғанда не істерін білмей, бізді еркімізге жіберіп, ақыры арамызда бір бақталастық, кейін жеккөру сезімі пайда болды. Ал үшінші, төртінші сіңлілерім өзара тым жақсы араласады.

Тым көп қорқынышпен, мақсатпен өстім. Мектеп бітіріп, мемлекеттік грантқа түсе алмай қалып, ақылы бөлімде оқып жүрдім. Тоғжан мектепті бітіріп, оқуға түспейінше соның грантқа түсіп кетуін тілеумен болдым. Сондағы уайымым — ол түсе алмай қалса, тағы кінәлі болып қалу қорқынышы еді.

ҰБТ-ға бір күн қалғанда Тоғжан қоңырау шалды. Он минут бойы телефонды көтере алмадым. Ішімнен «Ару, сен сияқты грантқа түсе алмай қалсам қайтемін?» «Сен сияқты ақылы бөлімде оқып, ата-анамызға салмақ салғым келмейді» деп айта ма деп қорықтым, бірақ олай айтқан жоқ, екеуіміз алғаш рет ұзақ әңгімелестік, төрт сағат бойы телефон арқылы қолдап, бұған дейін айтып көрмеген жылы сөздің бәрін сол кезде айттым. Кейін жеткілікті балын жинап, оқуға да түсіп кетті. Қуандым, бірақ сіңлім үшін қуандым ба әлде өз қорқынышым орындалмағаны үшін бе, оны анық білмеймін.

Қазір ата-анамды кінәлаудың түк пайдасы жоқ. Бұған дейін сіңліммен қарым-қатынасым жайлы ешкімге ашылып айтпаған да екенмін. Алайда бала шақта істеген түрлі сұм әрекеттерімді еске алып, қазір өкініп те отырмын. Қазір Тоғжанмен арамыз тым суық, алайда жақынырақ араласып, шын бауыр болуға тырысып-ақ жүрмін. Сыйлық жасап, жиі кездесудің амалын іздейтін болдым, бірақ екеуіміз де жұмыстамыз, көрісіп, сөйлесіп, шүйіркелесуге уақыт табыла бермейді. Уақыт болғанның өзінде екеуімізде де бір-бірімізге деген реніш болғаннан ба, әйтеуір қатты ашыла алмаймыз. Ал қалған төрт бауырым шынымен тым кішкентай, балаларым сияқты. Тоғжан екеуіміз теңдессіз құрбы, сырлас бола алар да едік қой. Қазір есейіп, ата-анамнан бөлек тұра бастағанда сол бір сырлас бауырдың орнын түсініп жатырмын, бірақ іштей әлі де кеш емес екенін сеземін, кезінде қызғанып қалған шоколадты да, махаббат пен назарды беруге де кеш емес деп ойлаймын.

Алайда қанша ойлансам да, неге бұлай болғанын, неліктен бірден қызғанышқа бой алдырғанымды түсінбеймін. Мүмкін дайын болмаған шығармын. Арамыз небәрі бір жарым жас болғандықтан, ата-ана махаббатына тойып үлгермеген шығармын. Кейде сол сіңлім тумай тұрып, біреу келіп «Ару, Тоғжан дүниеге келген соң да ата-анаң сені дәл бұрынғыдай жақсы көре береді» деп ескертіп кетсе, жағдай басқаша болар ма еді деп ойлаймын».

Мәриям, 17 жаста:

Бұрын ата-анамның әпкеме деген қарым-қатынасы өзгешелеу екенін, көп жағдайда әпкеме қаталдау қарайтындарын байқайтынмын. Олар мені еркелетіп, бар қалауымды орындап өсірді. Алайда әпкеме келгенде ережелер басқашалау еді: қыдыруға сұранса — «сабағыңды оқы», ойнап келгісі келсе — «сіңліңе қара» дейтін. Әйтпесе, екеуіміздің арамыз үш-ақ жас. Бірінші бала болғандықтан, анам балаға қалай қарап, оны қалай тәрбиелейтінін білмеді, көп қате жіберді, көзімше үнемі әпкемнің бетін қайтарып тастап, мені үнемі еркелете бергені оған ауыр тиген де болар.  Алайда әпкем сол ашуын менен алмағанына қуанамын. Кішкентай кезімізде қарым-қатынасымыз жақсы болды: мектептен күтіп алып, халімді, күнім қалай өткенін сұрап, үй тапсырмаларын орындауға көмектесіп, бар нәрсесін бөлісетін, тіпті кейде өзі жемесе де, қолындағы тәттісін маған беруші еді.

Кейде өзі де, достары да мені «жабысқақ» деп мазақ қылатыны есімде. Қазір ойласам, сонда өмірі артынан еріп, бір елі қалмай жүретінім оның жынын да келтіретін болған-ау, бірақ оның достарымен танысып, араласқым келетін, ал оның мені өзімен бірге алып жүргеннен басқа амалы да жоқ еді. Олай жасамаса, жылап, еркелікке салып, ата-анама жеткізіп, әйтеуір түрлі амал жасап, дегеніме жететінмін.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Қазір де қарым-қатынасымыз түзу, алайда әлі күнге дейін барлық мәселені өзінің үлкендігіне салып, шешкісі келетіні ұнамайды. Жасының үлкен болғаны үшін ғана мені басқарғысы келетіні тағы бар. Бұған қоса, өсе келе анам да кенже болғаным үшін маған әділетсіздік жасай басады.

Кейінгі жылдары анам әпкемнің алдында өзін кінәлі сезінетін болған. Ең сорақысы — бұл жағдайда зардап шегуші мен болып қалдым. Қазір анам барлық кезде әпкемді қолдайды. Ал маған әпкемнің айтқаны дұрыс дегенді айтады. Әпкем әлдеқайда еркін, қалаған жеріне барады, қалаған адамымен араласады. Үйдің үлкені болғаны үшін маған бұйыра сөйлеуіне рұқсат және анам оның осы әрекетін толық қолдайды. Сондай кезде «Кішкентай боп туғаным үшін жазықтымын ба?» деп ойланып қаламын.

Психолог не дейді?

Балалар психологы Әсем Ілесбай екі сиблингтің қарым-қатынас орнатуында ата-ананың әрекеті маңызды дейді. Бауырлар арасында дұрыс байланыс құрылуы үшін дайындықты ертеден бастаған жөн екен. Оның сөзінше, екінші баланың дүниеге келетіні жайлы білген сәтте мұны бірінші сәбиге қалай жеткізетініңіз туралы жақсылап ойлануыңыз керек. Психолог дәл осы сәтте бірінші баланың неше жаста екеніне мән берген жөн дейді.

«Әдетте бала бір жасқа толған соң ата-ана екінші баланы жоспарлауға кіріседі. Кейбір отбасыда бұл уақытта екінші бала ендігі дүниеге келіп те қояды. Өкінішке қарай, көп ата-ана тұңғыш баласы мұны қалай қабылдайтынын, қандай реакция болатынын және қалай бейімделіп кететіні жайлы ойламайды. Дүниеге екінші сәби келетіні жайлы айтқанда бірінші баланың неше жаста екеніне мән беру керек. Мысалы, сегіз айлық — бір жарым жас аралығындағы бала қызғану дегеннің не екенін білмейді. Ал бұдан сәл үлкендеу шақта бала түрлі қылық шығарып, еркелеп, ойыншықтарын қызғануы мүмкін. Негізі екі баланың жас арасы бір жарым жас болса, онда ақырын-ақырын түсіндіре бастау керек. Жүктіліктің бірінші триместрінде балаңызға ақырын ғана «Балам, міне, ішімде сен сияқты кішкентай тағы бір «жүрекше» өсіп келеді. Ол тоғыз айдан соң дүниеге келеді, бірақ бірден өзің сияқты болып кетпейді, бірінші кездері көп ұйықтайды» деп түсіндіріп отыру керек. Әрине, бала айтқаныңыздың бәрін бірдей түсінбеуі мүмкін. Бірақ мүлдем хабарсыз болмай, жақында үйге жаңа адам келетініне дайын жүреді», — дейді ол.

Ал екі және бес жас аралығындағы балаға түсіндіру қиындау. Бұл — балаға да, ата-анаға да өте қиын кезең, үш жас дағдарысы мен психологиялық сепарациядан өтіп жатқан бала үшін екінші баланың дүниеге келуі үлкен күйзеліс болады екен.

«Негізі екі жастағы бала қатты қызғанады және оны жасыра алмайды, бұл — қалыпты нәрсе, одан қорықпаңыз. Кейде осы кезеңде баланың дамуында кері кету байқалуы мүмкін: тәй-тәй баса бастаған бала еңбектеп, емшектен шықса, қайта емуі, шайды кесемен ішіп жүрген жерінен қайта бөтелкеге көшуі мүмкін, бірақ баланың бұл әрекеттерінен қорқудың керегі жоқ, мұның бәрі уақытша. Алайда бұл бірнеше ай бойы жалғаса берсе, психологтың көмегіне жүгіну керек», — дейді маман.

Психолог жағдайды ушықтырып алмастан, екі балаға тең көңіл бөлудің амалын іздестіру керек екенін айтады. Оның айтуынша, бұл кезеңде отбасының барлық мүшесі бірлесе жұмыс істеуі керек.

«Бала үш жасқа дейін тек анасын іздейді. Екінші бала туған соң жаңа туған нәресте мейлінше көп уақыт анасымен болса, әкесі мен ата-әжесі бірінші балаға көбірек көңіл бөлуі керек. Кейде орын алмасып, нәрестені жарты сағат ата-әжесімен қалдырып, бірінші бала мен ана оңаша уақыт өткізгендері жөн. Бала барлық нәрсені түсінеді, сондықтан құрсақта жатқан күннен әңгімелесе отырып, түсінісуді үйрету керек. Бірге отырып, «Балам, сені жақсы көреміз, бауырың туса да, жақсы көре береміз. Ертең ол туған соң қызғанып, ашулануың да қалыпты нәрсе. Біз бұл қылығың үшін де сені жек көріп кетпейміз» деп әуелден дайындауыңыз керек. Кейбір ата-аналар әңгімелесудің басқа жолын таңдап, баланы ұялдыруға тырысады: «Енді аға/әпке болдың, үлкенсің, бұзаудай болып, әлі еме бересің бе?» деп жағдайды негатив тарапқа бұрып жібереді. Бұл дұрыс емес, бала кейін өмір бойы өзін бөлектетілген сезініп, түрлі психологиялық қиындыққа ұрынуы мүмкін. Кейін жылдар бойы бауырлар бір бірімен бәсекелесе өсіп, бір-бірін жау көріп кетуі де содан. Тіпті бір-бірімен араласпай кеткен сиблингтер де жоқ емес. Екінші сәби дүниеге келер шақта, үлкеніңіз 5-6 жаста болса, бауырының тұрмысына араластыра беріңіз: «Балам, кел, екеуіміз бауырыңа массаж жасайық, ана тұрған жөргегін әперіп жіберші» дей отырып, сиблингтер арасында әдемі байланыс құруға болады», — дейді Әсем Ілесбай.

Ал алты жастағы бала ата-анаға тәуелді емес. Ол үшін қоғам, достарының қарым-қатынасы маңыздырақ. Бұл жастағы бала анасын сағынғаннан жыламайды, тек мектепке барғанда, бірдеңені білмей, түсінбегенінен жылауы мүмкін. Сондықтан да алты жастағы бала үшін отбасының жаңа мүшесін қабылдау аса қиын емес.

«Жақында аға не әпке атанатынын айтқан соң ақырын ғана «Бауырыңа қандай ат қояр едің», «Бірге қандай ойын ойнағың келеді?» деген сұрақтарды қоюға болады. Үндемей жүріп, бір күні үйге нәрестемен кіріп келгеннен гөрі осылай баяу дайындық жүргізген абзалырақ», — дейді балалар психологы.

Әсем үйдің үлкеніне «үлкен» деп қарап, бар жауапкершілікті артып қою баланың тұлға болып қалыптасуына кесірін тигізетінін айтып отыр. Сонымен бірге бұл да сиблингтер арасында негатив қарым-қатынас құрылуына себеп болады.

«Бірінші перзентке жастайынан «үйдің асыраушысы», «бауырларының қорғаны» деп түрлі жауапкершілікті артып қоятындар бар. Психологияда отбасы жүйесі деген ұғым бар. Бұл бойынша бірінші кезеңде ата-ана, екінші кезеңде бауырлар, одан кейін ата-әже тұрады. Әркім өз рөлін ойнауы керек. Бала ата-ана рөліне ауысып кетсе, иерархия бұзылып, біз табиғатқа қарсы келген боламыз. Екінші бала туа сала, үйдің тұңғышына жоғарыда аталған жауапкершілікті арту бала бойындағы эмпатия сезімін оятады. Бала үнемі біреуге көмектескісі келіп, «қорғаушы» синдромы пайда болады. Бұл оның тұлға болып қалыптасуына да үлкен әсер етеді. Жаңағы жақсы қасиеттер автомат түрде пайда болғандықтан, бала ол жақсылықты шын қалағаннан немесе міндетті болғаны үшін істеп жүргенін түсінбей қиналады. Жалпы өмірден не қалайтынын түсінбей қалуы мүмкін. Бұл сиблингтер арасындағы қарым-қатынастың негатив өрбуіне де әсер етуі мүмкін. Қоғамда бауырын «артық санады», «бар назарын соған бөлді» деп ата-анасына іштей ренжіп жүрген адам көп», — дейді маман.

Психолог бауырлар арасында мұндай өкпе-реніш болмауы үшін олар қандай да бір келіспеушілікке тап болғанда мәселенің шешімін өздерінің табуына мүмкіндік берген жөн деп есептейді.

«Екеуі таласып қалып, бірі жылап қалса, екіншісіне ұрысып, оны кінәлі етіп шығарудың керегі жоқ. Жылағанының басын бір сипап, «ештеңе етпейді» деу жеткілікті».

Әсем Ілесбай бұған қоса сиблингтер арасындағы қарым-қатынас ата-ананың мінез-құлқы, істеген әрекетіне тікелей байланысты екенін ескертті. Сол себепті ата-ана ең әуелі бірінші баласымен дұрыс қарым-қатынас құруға тырысқаны жөн.

«Сиблингтер арасында психологиялық, физикалық қысым болмас үшін, ата-ана әрекетіне абай болуы керек. Мысалы, ата-ана кішкентайының бұзықтығы үшін үлкеніне ұрысып, ұратын болуы мүмкін. Бұл жіп сияқты жалғасып кете береді. Үлкен бала ата-анасына бірдеңе деп сөйлей алмайтын болған соң бар ашуын бауырынан алады. Ата-анасы оған қалай ұрысса, тура солай бауырына ұрысады. Жалпы сиблингтердің бір-біріне бауырмал, жанашыр болып өсуі тікелей ата-анаға байланысты», — деп түйіндеді балалар психологы.