Жақын арада мен сайлауалды тұғырнаманы ұсынамын, онда елді жан-жақты трансформациялау, азаматтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі іс-шаралар көрініс табады. Менің нық сенімім бойынша, біздің мемлекет өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған теңгерімді, көп бағытты, сындарлы сыртқы саясатты жүзеге асыруы тиіс, — деді мемлекет басшысы президенттікке Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдау жөніндегі халықтық коалицияның форумында.
Президент Қазақстан халықаралық қатынастардағы теңдік пен демократия қағидаттарын, халықаралық құқық пен БҰҰ жарғысын ұдайы сақтауды жақтайтынын баса айтты.
Қазақстан БҰҰ-ның әмбебап және баламасыз халықаралық ұйым ретіндегі беделін нығайту үшін белсенді күш-жігер жұмсайтын болады. Біз Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, түркі мемлекеттері ұйымы және басқа да халықаралық ұйымдармен ынтымақтасатын боламыз, сонымен қатар Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің әлеуетін нығайтамыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.