Қошанов: Тәуелсіз Қазақстанның жаңа саяси дәуірі басталды

Бүгінгі алқалы құрылтайымыздың маңызы да, мақсаты да, саяси салмағы да айрықша! Біз пандемиядан кейін партиямыздың ең үлкен жиынын осындай форматта өткізіп жатырмыз. Бұған дейін қауіпті кеселдің салдарынан бір-бірімізбен көзбе-көз жүздесуге мүмкіндік болған жоқ. Сіздер әр өңірдің аманатын арқалап, ауыл-аймақтағы ел-жұртымыздың атынан келіп отырсыздар. Бүгін еркін әңгіме, мазмұнды талқылау болады деп ойлаймын. Ортақ жұмысымызға сәттілік тілеймін!, — деді Ерлан Қошанов Amanat партиясының кезектен тыс XXIV съезінде.

Ол қазір күллі әлем күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқанын, ал Қазақстан – алып жер шарының бір бөлшегі ғана екенін баса айтты.

Кейінгі жылдар біздің еліміз үшін де оңай болған жоқ. Дегенмен, елі міз сындарлы саясат, батыл қадамдар арқылы қоғамның бірлігін, халқымыздың татулығы мен тұтастығын сақтаудың үлгісін көрсетіп отыр. Кешегі жалпыхалықтық референдум мен конституциялық өзгерістерден кейін Тәуелсіз Қазақстанның жаңа саяси дәуірі басталды. Заманның ағымына сай партияның аты ғана емес, заты да өзгерді. Тұғырнамасы түбегейлі қайта жазылып шықты, — деді партия төрағасы.