Павлодар облысы жұртшылығымен кездесуінде Тоқаев өнеркәсіпті дамыту қоршаған ортаға ауыр жүктеме түсіретінін атап өтті. Оның айтуынша, Павлодар облысында еліміздегі зиян шығарындылардың үштен бірі шығыды. Бұл – жыл сайын шамамен 700 мың тонна.
Күнделікті еңбегі бүкіл елдің индустриялық өсуінің негізі саналатын өңір тұрғындары туған өлкенің қоршаған ортасының жай-күйіне қатты алаңдайды. Экологиялық жағдай — азаматтардың өмір сүру сапасының маңызды көрсеткіші. Сондықтан өндірістік әлеуетті күшейту мен экологияны қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтау өте маңызды. Еске сала кетейін, Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қолжеткізу ниетін жариялады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, тағы бір маңызды мәселе – газдандыру.
Үкімет аймақты газбен қамтамасыз ету жолдарына басымдық беруі керек. Бұл жасыл күн тәртібін толық жүзеге асыруға және нақты тұрақты дамуға бағытталған маңызды қадам болады, — деп қосты ол.