Әйгілі Әсет Найманбаевтың көне домбырасы табылды (Фото)

Абай атындағы облыстық балалар кітап­ханасында біртуар ақын, әнші Әсет Найманбаевтың 150 жылдығына арналған кеште көне жәдігер таныстырылды. Кеш қонағы, филология ғылымдарының кандидаты Азат Бабашев жұртшылыққа Әсет бабамыздың домбырасы табылғанын баян етті, -деп хабарлайды Оrtalyq.kz.

Әсет Найманбаев

«Әсет Найманбайұлының соңында қалған мұралары жетерлік. 2013 жылдары Қытайдағы Іле педагогикалық универсиетінен «Болашақ» университетіне Нұржан Дәулеткелдіұлы келіп, магистрлік диссертация қорғады. Ол Қытайдағы Әсет жырларын жинап әкелді сонда. Қазір қолжазбалар менің қолымда. Оның ішінде Әсеттің ешқайда жарияланбаған өлеңдері бар», — дейді Азат Бабашев.

Оның айтуы бойынша Әсет Найманбаевты Қытайдағы қазақтар қатты бағалайды. Олар Абайды жетік танымаса да, Әсетті бас ақын деп бағалайды екен.

Әсет Найманбаев, домбыра«Қазір Қытайдағы зерттеуші ғалымдардың айтуынша, сол жақта Әсеттің ықпалымен мектептер ашылған. Сонымен қатар, сол Қытайдағы қазақтар арасындағы Ербол деген жігітте Әсеттің өзі ұстаған домбырасы сақталып отыр. Оны Қазақстаннан үш жігіт арнайы іздеп бардық. Көрсетпей біраз қинады. Біз жағдайымызды айтып, өтініп сұраған соң бір-ақ көрсетті. Бірақ, «Әсеттің домбырасы бар екенін Қазақстанда көп жарияламаңыздар. Өйткені, Қытай Халық Республикасы біліп қойса, оны бізден мемлекеттік жәдігер ретінде алып қояды» деген шарт қойды. Қазақстаннан барған үш азамат – біз оны өтініп жүріп, зорға дегенде суретке түсіріп алдық», -дейді Азат Бабашев.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!