Басты бетҚоғамХалық қаһарманы...

Халық қаһарманы балалар үйінің тәрбиеленушісіне жеке сағатын сыйға тартты

Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұланның ақпараттық-насихаттау тобының жетекшісі, Халық қаһарманы полковник Қайрат Үмбетов Талдықорған тұрғындарына арналған гала-концерт барысында «Айналайын» балалар үйінің тәрбиеленушісіне жеке сағатын табыс етті.

Ұлттық ұлан ән-би ансамблінің көркемдік ұжымымен дайындалған «Қазақстан Республикасына қызмет етемін!» республикалық туры балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, әскери-патриоттық клубтардың оқушыларына, студент жастарға және Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің отбасыларына арналды.

Кешкі уақытта өткен екінші концертке қала тұрғындары, тәжік-ауған шекарасындағы болған қақтығыстарға қатысқан ардагерлер, әскери қызметшілер, полиция қызметкерлері және олардың отбасы мүшелері қатысты.

Концерт барысында ансамбльдің көркемдік жетекшісі аға лейтенант Алмапыс Асылбектің жетекшілігімен әскери-патриоттық тәрбие мен ұрпақтар сабақтастығы рухына толы майдан әндері шырқалды.

Іс-шара соңында ұлттық ұлан бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары «Айналайын» балалар үйінің тәрбиеленушілерімен әңгімелесу барысында олардың біріне сыйлық жасады. Ол ең белсенді оқушыға өзінің жеке қол сағатын сыйлады.

— Қайрат аға, мен халық қаһарманының қолынан осындай сыйлық алғаныма өте мақтанамын. Мен бұл күнді мәңгі есімде сақтаймын және болашақта әскери адам болып, өз Отанымды қорғайтын патриот азамат атанғым келеді. Ұлттық ұланның барлық әскери қызметшілеріне қызметте табыс және бейбіт аспан тілеймін,-деді 9 сыныпта оқитын Тұрсын Ақнұрболат.

Концерт аясында жұртшылық пен қала тұрғындары Ұлттық ұланның Құрмет қарауыл ротасының, ерлер хорының, би және фольклорлық-этнографиялық топтың қойылымдарын тамашалады.

Құқықтық тәртіп әскерлерінің бас тәрбиешісі Талдықорған қаласы мен облыс әкімдеріне, І.Жансүгіров атындағы мәдениет үйінің шығармашылық ұжымына өнер көрсетуге мүмкіндік бергендері үшін рахмет айтып, оларға алғыс хаттар табыс етті.

Өз кезегінде қала әкімі Әсет Масабаев әскери қызметшілерге осындай орасан зор концерт ұйымдастырғаны үшін алғысын білдіріп, ән және би ансамблінің шығармашылық ұжымына музыкалық аппарат сыйға тартты.