Басты бетЖаңалықтарДархан Cатыбалды:...

Дархан Cатыбалды: аса маңызды жолдардың құрылысына басымдық беріледі

Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары қайта бекітіліп, жаңадан құрылған облыс орталығында көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқынды жүруде. Соның аясында «Түркістан-Шәуілдір» автомобиль жолының 70 шақырымын қайта құру көзделген. Құрылыс барысымен танысқан Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жұмысшылармен кездесті. Өзекті мәселелерді пысықтады.

Облыс әкімі басымды бағыт — аса маңызды жолдарда болатынын айтты. Негізгі, ең қажетті деген автожолдардың тізімін дайындауды жүктеп, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берді.

«Автомобиль жолдарының құрылысы мен жөндеу жұмыстарында аса маңызды бағыттағы жолдардың құрылысына басымдық беріледі. Осы қағиданы ұстану керек. Республикалық, облыстық , аудандық және ауылішілік маңызы бар жолдар, яғни, барлық деңгейдегі маңызы бар, уақыт күттірмейтін автожолдардың тізімін дайындау қажет. Көптен жөндеу көрмеген күре жолдар да жоспардан тыс қалмауы тиіс. Жолдардың құрылыс сапасы – басты назарда. Жолды салу да, жөндеу де бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуі керек. Бұл талаптарды сақтамандарға шара көріледі», — деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің ұзындығы 17 509,5 шақырымды құрайды. Биыл автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен 53 миллиард теңге бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 767 нысан немесе 2 мың шақырымға жуық жолдар мен көшелерді қамту жоспарлануда. Жыл қорытындысымен 703 нысан немесе 1467,3 шақырым жол мен көше пайдалануға тапсырылады деп көзделген.

Құрылыс, жөндеу жұмыстарына Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен тұрақты түрде сапаны бақылау жұмыстары жүргізіліп келеді.