Көрермендер жиналды, концерт басталды. Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филормония оркестрінің аппақ костюм мен көйлек киген музыканттары сахнаға жайғасты.
Бүгінгі концерттің жоспары мынадай: Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филормониясы жиналған қауымға музыка арнайды. Ал әр елден келген дирижерлар кезекпен оркестрді басқарады. Әр дирижер елінің ең үздік туындысын тарту етеді.
Концерт басталмас бұрын ең әуелі Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филормония директоры Ақан Әбдуалиев сөз сөйледі.
«Кеше (25 қыркүйек) концерт болды. Жиналғандар қуанып, риза болып кетті. Тіпті «күніміз музыкалық мереке болды» деп бағалап жатты. Бүгін (26 қыркүйек) дәл сол кешегі мерекелік атмосфера жалғасады деген үміттемін», — деді Ақан Әбдуалиев.
Директор Қазақстанға шетелден келген өнер иелерін сахнаға шақырып, оларға арнайы тіктірілген шапан жапты. Ол осылайша қазақтың қонақжайылығын көрсеткісі келетінін айтты.
Әдемі сөз бен ізгі тілектен кейін оркестр мен дирижерлар ісіне кірісті. Концерт шымылдығын Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Қанат Ахметов «Ұлы моңғол» туындысымен ашты.
Қанат Ахметов — «Дирижерлар шеруі» фестивалінің бас жетекшісі. Дирижер фестиваль ұйымдастыру кезінде қатты алаңдағанын айтты.
Бұл өте уайымға салған жоба болды. Себебі оркестрді тыңдауға адамдар келе ме, әлде жоқ па деп ойладық. Екі күн бағдарламасы бірдей. Соған қарамастан қуанышымызға орай, кеше де, бүгін де зал толы. Ал біз өз кезегімізде халыққа концерт қызық болуы үшін бар күш-жігерімізді салдық. Бір оркестр болса да, жиналған қауым тоғыз елдің стилі мен бағыты бар туындыларды да тыңдай алады. Сонымен бірге қонақ боп келген шетел дирижерлары да дән риза. Олар Жамбыл филормониясы оркестрінің деңгейіне тәнті болды. Оған қоса біз қонақтарға Алматының тау-бөктерін көрсеттік, етінен, соғымынан дәм татқызып жатырмыз, — деді Қанат Ахметов.
Қанат Ахметовтан кейін сахна төріне Польшадан келген дирижер Дариуш Адам Леджион шықты. Өнер иесі бүгінге ерекше дайындалған екен. Ол басқалар сияқты костюм не смокинг емес, ерекше киім үлгісінде келген.
Дариуш Адам Леджион оркестрмен бірге Polonais музыкасын орындады.
Кезекті дирижер — ресейлік Виктор Романович. Ол оркестрмен «Российские просторы» туындысын орындады.
Алматыға Израильден дирижер Самуэль Хагин келген. Қанат Ахметов оған «Қазақ үрмелі музыкасының ақсақалы» деген атақ берді. Самуэль Хагин композитор Наоми Шемердің «Алтын Йерусалим» атты туындысын орындады. «Алтын Йерусалим» Израильдің бейресми екінші гимні болып саналады.
«Алтын Йерусалим» әнін қазақстандық опера әншісі Береке Еңкебаева шырқады.
Қазақстан атынан Қанат Ахметовпен қоса қазақстандық әскери дирижер Александр Беляков та өнер көрсетті. Ол көрерменге джаз-рок стиліндегі «За перевалом» туындысын арнады.
Оркестр гректердің ұлттық музыкасын грециялық Николас Хрисчохоумен бірге орындап шықты. Николас Хрисчохоу — Қанат Ахметовтың шәкірті.
Халық өзбекстандық дирижер Тимур Мирзаев жетекшілігісен кеңес әншісі Батыр Закировтың әндері музыкасынан попури тыңдады.
Дирижер Маргус Касемаа Эстониядан келіп, өз еліндегі үздік туындының бірін халыққа паш етті.
Латвиялық дирижер Сподрис Качанс та өнер көрсетті.
«Қазақстанға қонақжайлығы үшін шексіз алғыс білдіремін», — деді дирижер.
Соңғы болып Миро Сайе шықты. Ол — Словениядан келген дирижер. Ол өз елінің бірнеше үздік туындыларын орындады.
Концертті Қазақстан еңбек сіңірген дирижері Қанат Ахметов өзі бастап, өзі аяқтады.