Басқосуда «Karachaganak Green Energy Corporation» компаниясының вице-президенті Джованни Капанелли Бөрлі ауданындағы Қарашығанақ газ өңдеу өнеркәсібі кешенінің құрылысы жобасымен таныстырды. Инвестиция көлемі 1,4 триллион теңге шамасындағы жоба ҚПО б.в. компаниясынан алынатын газды өңдеу жолымен аммиак және электр қуатын өндіреді. Аммиак өндірісі жылына 2-2,5 млн тоннаны, электр қуаты 250-500 МВт-ны құрайды. Кешен құрылысы барысында 1500, кейін 2027 жылы кешен іске қосылғанда 2700 тұрақты жұмыс істемек.
Кеңес отырысында еліміздегі «Qazblim мектебі» ЖШС-нің негізін қалаушы Аятжан Ахметжан Теректі ауданындағы Подстепный ауылында салынатын 1200 орындық жеке мектеп құрылысының жобасын таныстырды. Оған жұмсалатын инвестицияның шамасы 2,4 млрд. теңгені құрайды. Құрылысқа 150 адам тартылады, нысан пайдалануға берілгеннен кейін 120 педагогке тұрақты жұмыс беріледі. Білім ұясы ғимаратының құрылысын биылғы жылдың үшінші тоқсанында бастап, 2024 жылдың үшінші тоқсанында аяқтау жоспарланған.
«Ихсанов» жеке кәсіпкерлігінің қаржы директоры Диля Жұбаева Подстепный ауылында салынатын сервистік орталық жобасымен таныстырды. Нысан құрылысының брінші кезеңінде қонақүй, кафе, паркинг салынады. Нысандар құрылысына инвестор 50 млн. теңге жеке қаражатын жұмсайды. Жобаның екінші кезеңінде көлік жуу, жанар-жағармай бекеті, монша кешені, көлік жөндеу шеберханасы салынады. Оның құрылысына 200 млн. теңге жұмсалады. Д.Жұбаева жобаны жүзеге асыру үшін 3 гектар жер бөліп, инфрақұрылым тартуға көмек сұрады.
Төртінші жоба Орал қаласында бетон зауытын іске қосуға бағытталған. «АртСтройХолдинг» ЖШС тауарлық бетон шығаратын зауыт құрылысына жер телімін бөліп, инфрақұрылым тартуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетуді сұрады. Жобаның құны 613,6 млн. теңге. Кәсіпорын жылына 180 мың текше метр тауарлық бетон шығаруға қауқарлы.
Төрт жоба да кеңес мүшелері тарапынан қолдау тапты. Олар жүзеге асқан жағдайда 1700 жаңа жұмыс орны ашылады.