Президенттің АҚШ-қа сапарының екінші күні аяқталды, — деп жазды бүгін Тоқаевтың баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Facebook-тегі парақшасында.
Оның айтуынша, 20 қыркүйектің басты оқиғасы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 77-сессиясының жалпы дебаты болды. Қасым-Жомарт Тоқаев жиында сөз сөйлеп, бірнеше жаһандық өзекті мәселені көтерді.
Президент өз сөзінде бұрыннан қалыптасқан әлемдік қауіпсіздік жүйесін қалпына келтірудің, территориялық тұтастықты сақтаудың, елдердің егемендігін құрметтеудің маңыздылығын атап өтті.
Тоқаев азық-түлік жөніндегі жаһандық саммитке де қатысып, сөз сөйледі. Президент әлемдік нарықтағы Қазақстанның рөлін арттыруға бағытталған бірнеше ұсыныс айтты. Ол еліміздің астық және басқа азық-түлік түрлерін тұрақты жеткізуіне, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға қатысты болды.
Биылғы шетелдік сапарларда Президент ең жиі көтерген мәселенің бірі — көлік-логистика мәселесі. Күрделі геосаяси жағдайға қарамай отандық тауарларды әлемдік нарыққа шығарудың жаңа жолдары үнемі қарастырылып жатыр. Себебі бұл ел экономикасына тікелей ықпал ететін маңызды фактор.
Бұдан бөлек, бүгін Мемлекет басшысы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен, Еуропалық Кеңестің Президенті Шарль Мишельмен, Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйенмен, Австрия Президенті Александр Ван дер Белленмен, Халықаралық Қызыл Крест комитетінің Президенті Питер Маурермен кездесіп, екіжақты мәселелерді талқылады. Иордания Королі ІІ Абдалламен, Қатар Әмірі Тамим бин Хамад Әл Танимен әңгімелесті.