Мемлекет басшысы биыл 1 қыркүйекке дейін Қазақстанға әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру міндетін жүктеген болатын. Қазір бұл үшін мемлекеттік органдар барлық қажет заңнамалық және ұйымдастырушылық шарасын қабылдап жатыр. Экологиялық және салық кодекстеріне түзетулер әзірленген. Азаматтар бастапқы тіркеу үшін 200-250 мың теңге көлемінде ғана алым төлейді. Заңдастыру кезінде утильалым төленбейді.
Кодекстерге түзетулер келесі жылдың қаңтарынан бастап енеді, сондықтан заңдастыру келесі жылдан бастап жүргізіледі. Биыл 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген автокөліктердің тізімі жасалды. Кейінірек әкелінген автокөліктер заңдастырылмайды және жалпы негізде тіркеледі. Бүгінде ІІМ және басқа да мемлекеттік органдар автокөліктерді заңдастыруды барынша қарапайым және түсінікті ету тәсілдерін әзірлеп жатыр. Автокөліктерді заңдастыру үшін полицияға онлайн-өтініш беру мүмкіндігі пысықталып жатыр. Полициямен байланыс орталықтарының жұмысы ұйымдастырылады. Тіркелген көліктерге қарапайым ақ нөмірлер беріледі, полиция қандай да бір шектеулер қоймайды. Еуразиялық экономикалық одақтың тауары саналмайтын автокөліктер кедендік баждарды төлеуі тиіс. Бұл үшін Қаржы министрлігі азаматтарға қолайлы кедендік декларациялау тетіктерін әзірлеп жатыр, — ведомство өкілі.