Қостанайдағы өрт: орман шаруашылығының басшысы қамауға алынды

Қостанай облысының прокуратурасы биылғы жылдың 13 қыркүйегінде «Басаман орман шаруашылығы мекемесі» КММ-нің басшылығына қатысты ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілетін теріс пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын (ҚР қылмыстық кодексінің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы) бастады.

Сол күні мекеме басшысы ҚР қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабы тәртібінде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

15 қыркүйекте сот мекеме басшысына қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді, — делінген Қостанай облысының прокуратурасы таратқан хабарламада.

Тергеу жалғасып жатыр. ҚР қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмеді.