Режиссер, сценарист Шәрипа Оразбаева түсірген киноларды бұған дейін кинотеатрда тамашаламаған шығарсыз, бірақ халықаралық төрт кинофестивальде көрсетіліп, жүлде алған. Ол «Заманауи қазақ киносындағы гендердің репрезентациясы» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған.
Қазақстандық, ортаазиялық ғалымдардың басты проблемасы — тақырып таңдау. Әлі зерттелмеген, жазылмаған тақырып көп, бірақ ол тақырып бойынша басшылыққа алатын теория, ұқсас еңбектер, тіпті, пікір алып, жетекшілік ететін мамандар аз екен. Диссертациялық жұмыс жазғанда Шәрипа да осындай қиындыққа тап болыпты. Бұдан бөлек, таңдаған тақырыбын бекітудің өзі қиындық туғызғанын айтады.
«Докторантураға түскенде қазақ киносындағы әйел режиссерлердің еңбектерін зерттеп жүрдім. Алғашында тақырыпты бекітуде көп кедергіге тап болдым. Қазақ қоғамына мизогиния құбылысы тән екеніне осы кезде көзім жетті. Таңдаған тақырыбым әуелі әйелдерге ұнамады. «Гендер теңдігі ертеден қалыптасқан отбасы институтын бұзады» деп сынады. Ғылыми жетекші мен кеңесші ретінде ер адамдар бекітілді», — дейді Шәрипа Оразбаева.
Шетелден тағылымдамадан өтіп келгенде, ғылыммен айналысқанда, кинода жүрген әріптес әйелдер арасында Шәрипаның ұстанымы мен тұжырымы қолдау таппапты. Ол «отбасы институты мен гендер теңдігі бір арнада тоғыспайтындай екі түрлі нәрсе ме?» деген сұрақ аясында көп ізденіпті.
«Менің айтып жүрген, зерттеп жүрген, кино түсіріп жүрген тақырыбым басқалардың дәстүрлі стереотиптеріне қарсы болды. Түсірген туындыларым Локарно, Торонто, Берлин, Париждегі кинофестивальдерде жүлде алса да, отандық кинонарықта таныла қоймады. Бұл менің миссиямды орындауыма кедергі болмады», — дейді ол.
2016 жылдары қазақ қоғамында гендер теңдігі қазіргідей маңызды болмады. Тақырып әлемде зерттелгенімен, Қазақстандағы проблеманы зерттеу, нақты бір тұжырымды дәлелдеу үшін ұзақ іздену керек. Шәрипаның айтуынша, докторантурада оқу бағдарламасын аяқтау үшін берілетін 3-4 жылдың өзі аздық етеді екен.
Шәрипа докторлық диссертациясында гендер тақырыбын киномен байланыстырып зерттеген. Тақырып ауқымы өте кең болыпты. Әуелі қазақ киносындағы әйел режиссерлердің қолтаңбасына тоқталып, диссертация жазу кезінде шетелдік ғалымдардың теорияларын отандық кинонарықпен байланыстырған. PhD докторанттың диссертация қорғау процесі 1,5 сағатқа созылыпты.
«Комиссия шешімі шыққанда қорғауды мақұлдамаған бірнеше ғалым кездесті. Біз ғылымға тура баға беретін кезеңге жеттік деп ойлаймын. Зерттеу жұмысының тақырыбын, ондағы деректер мен нәтижелердің ешқайсысы комиссия мүшесінің жеке көзқарасына, пікіріне, ұстанымына байланысты бағаланбауы керек», — дейді ол.
Қазақ қоғамы түрлі тарихи кезеңді бастан кешірді. Сәйкесінше, қоғамдағы әйел рөлі, бейнесі өзгеріске ұшырап отырды. Патриархал қоғамда өмір сүрдік, ислам дінінің келуі, көшпенді өмір салтынан отырықшылыққа көшу, Кеңес үкіметі мен тәуелсіздік жылдары әйелдің қызметі, бейнесі, көзқарасы түрлі трансформацияға ұшырады, бірақ әр кезеңде теңдікке ұмтылған әйелдер болды.
«Гендер теңдігі — әйел теңдігі ғана емес, адамзаттың тең құқыққа ие болуы. Феминизді жалау етіп әйелдер өз мәртебесін арттырғысы келмейді, адамзат құқығы үшін күреседі. Қазір көп адам феминизмді дұрыс түсінбейді. Мұны әйелдердің қоғамнан рөл алуға талпынуы деп қана қабылдайтындар бар. Теңдік жынысқа, дінге, тілге, түрге қарамай талап етілуі тиіс», — дейді Шәрипа.
Соңғы жылдары гендер теңдігі мәселесіне мемлекеттік деңгейде көңіл бөліне бастады. Қазақстанда ғана емес, Орта Азия, ТМД елдерінде гендер теңдігіне қатысты түрлі шара ұйымдастырылады, жобаларға қолдау көрсетіледі. Сәйкесінше, осы тақырыпты арқау еткен өнер туындылары да көбейді.
«Теңдік ұғымы туралы айтқанда оның түрлі факторы бар екенін ескеруіміз керек. Кино әлемінде ер мен әйелдің интеллектуал теңдігі болуы мүмкін, бірақ физикалық тұрғыдан тең болмайтыны заңды, түсінікті. Түсірілім тау-таста, алыста, түрлі жағдайда өтеді. «Гендер теңдігін қалайды екенсің камераны өзі тасы» дейтіндер бар. Сондықтан әуелі адамдарға гендер теңдігінің не екенін, оның қалай көрініс табатынын түсіндіріп, халықтың сауатын ашуымыз керек. Гендер теңдігі физикалық, биологиялық ерекшелікке қатысты емес, қоғам, заң, құқық ракурсынан қаралатын нәрсе», — дейді режиссер.
Феминизм, гендер теңдігі барлық салаға қатысты. Өнер, білім, қоғамды толығымен қамтиды. Шәрипаның айтуынша, көзі ашық, сауатты қоғам қалыптастыру үшін сатылап реформа жасау керек екен. Әуелі балабақша, мектептен бастаған дұрыс. Себебі балалар мен жасөспірімдер арасында дұрыс ақпарат, көзқарас қалыптастыру маңызды. Балаға, жасөспірімге қандай құқығы бар екенін, адамдарға жынысына, тіліне, түріне, дініне қарамай құрмет көрсету керегін сауатты түрде үйретуіміз керек.
«Жас ұрпақты тәрбиелеу үшін әуелі сауатты маман дайындау мәселесі тұрады. Балаларға арналған кітап, оқулықта қыз бала мынадай болуы керек, ер бала мынадай болуы керек деген стереотип болмауы керек. Қарапайым сурет, мысал, әңгімеде гендер теңдігі сақталса, қоғамда бәрі тең болуы керек деген ой бейсаналы түрде қалыптасады», — дейді Шәрипа.
Гендер теңдігі мәселесінің соңғы жылдары танылуына жаңа ақпарат технологиясы, әлеуметтік желі көп әсер етті, бірақ бұл мәселе одан бұрын қозғалмады, әйел құқығы қорғалмады дегенді білдірмейді. Қазір БАҚ-та, медиада көбірек жазылып, айтылып жүр. Мемлекеттік саясат та көңіл бөле бастады. Бұрын айтылмай келген, ұят санаған, қорыққан нәрселер қазір жарыққа шыға бастады. Зорлық-зомбылық, жемқорлық, әділетсіздік орын алса, әлеуметтік желінің құдіретімен жылдам жария болып, тиісті шара қолданылады. Осы тақырыпта кино түсіріп, ән, кітап жазуға да шектеу жоқ.
«Тарихты зерттейтін болсақ, әр кезеңде лидер, қоғамға өзгеріс әкелген әйелдер болған. Кино саласында да әйелдердің рөлі ерекше. Мысалы Кеңес Одағындағы алғашқы әйел режиссер — Дариға Тынәлиева. Ол туралы көп айтылмаған, жазылмаған. Режиссер Александр Довженконың өзі Орта Азиядағы алғашқы әйел режиссер қазақ қызы болғанын жазған. Кеңес Одағынан Каан фестиваліне алғаш қатысқан әйел де осы Дариға Тынәлиева. Заманауи қазақ киносында Жанна Исабаеваның фильмдері танымал», — деп Шәрипа ханым бірнеше мысал келтірді.
Режиссер, сценарист Шәрипа Оразбаеваның шығармашылығында да әйелдердің күрделі бейнесі суреттеледі. Соның бірі — 2022 жылы маусымда Мюнхен кинофестивалінде көрсетілген «Қызыл Анар» фильмі. Шәрипа Оразбаеваның айтуынша, бұл кезекті әлеуметтік драма емес, шынайы оқиға астарлы әңгімемен жеткізілген поэтикалық фильм.
2021 жылы «Қызыл Анар» фильмі Оңтүстік Кореяда өткен 26-шы Пусан кинофестивалінің негізгі конкурстық бағдарламасына «Жаңа ағым» (New Currents) номинациясы бойынша енген. Фильм зорлық көріп, әділет іздеген әйел туралы.
Шәрипаның кино әлеміндегі дебюті де әйел тағдырына арналған толықметражды фильмнен басталған. «Мәриям» фильмі аз бюджетпен түсірілген туынды болса да, режиссер үшін қымбат әрі ыстық екен.
«Фильм шынайы оқиғаға негізделген. «Мәриям» жарыққа шыққан соң кейіпкердің прототипі туралы көп сұрады. Фильмге қазақстандық Мерует есімді әйелдің оқиғасы арқау болды. Күйеуі жоғалып кеткен соң 4 баласымен жалғыз қалған әйелдің тыныс-тіршілігі, мінезі көрсетіледі. Сонымен қатар Қазақстандағы көптеген әйелдің ортақ проблемасы, жәрдемақы мәселесі, әлеуметтік жағдай көтерілді. Осыдан фильмнен кейін кейіпкердің келісімімен кездесулер ұйымдастырылды, көптен ала алмай жүрген жәрдемақыға қол жеткізіп, тіпті, баспаналы болды. Бір фильм бір ғана адамның емес, бүкіл қоғамның өмірін, көзқарасын өзгерте алса, режиссер үшін одан асқан марапат жоқ», — дейді ол.
Фильм сюжеті бойынша төрт баланың анасы Мәриям қазақ ауылында тұрады. Күйеуінің жұмбақ жағдайда жоғалып кетуінен кейін ол өмірдің барлық қиындығына жалғыз төтеп беруге мәжбүр болады, бұл түрлі маңызды шешім қабылдауға және өзін жақсырақ тануға көмектеседі.
Фильм докторлық диссертацияны қорғаған жылы жарыққа шыққан. Режиссер «Мәриям» фильмі арқылы әйелдің ішкі сезімін, жан-дүниесін танытуға тырысыпты. Жалпы кинода мұндай абстрактілі нәрселерді жеткізу қиын, аудитория әртүрлі қабылдайды екен.
«Қоғамда еркек — асыраушы, еркек — қорған деген стереотип бар. «Мәриям» фильмі арқылы әйел адамның да өзін, отбасын асырауға күш-қуаты жететінін, әйел адам нәзікжанды емес, оның ішінде қаншама қайрат жатқанын көрсеткім келді. Қазір заманауи сериалдарда әйел бейнесін жеңілойлы, өсек тарататын, үй шаруасынан аса алмайтын, бала тәрбиесімен айналысатын тұлға ретінде көрсетеді. Сахнада ер адамдар әйелдің образына кіріп, халықты күлкіге қарық қылдым деп ойлайды. Ер адам әйелдің киімі кисе, образына кірсе — күлкілі, ал әйел адам ер адамның киімін киіп, ол істейтін қызметті істесе — абыройлы. Осындай образ арқылы халықтың миына бейсаналы түрде ер адамды үстем қып көрсетеді», — дейді Шәрипа Оразбаева.
Шетелдіктер мұндай қазақстандық киноны көрсе, елдегі әйелдердің бейнесі расымен осындай екен деген көзқарас қалыптасады. Қазір ақпарат алмасу еркін жүреді. Интернетке жүктеліп жатқан отандық контент бақыланбайды. Режиссерді осы мәселе алаңдатады.
«Ауыл адамдарын немесе әйелдерді «жабайы» етіп көрсету арқылы арзан күлкіге қарық қылғанмен, кино арқылы еліміздің мәдениеті мен өмір салтын да танытатынымызды ұмытпауымыз керек. Әрбір контент өндірушінің жауапкершілігінде ұлттың, елдің бейнесі тұрғанын ескерсек екен», — деп қорытындылады Шәрипа Оразбаева.