Бұл туралы үкімет отырысында технологиялық серпіліс ұлттық жобасын талқылау кезінде премьер-министр Әлихан Смайылов айтты.
«Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» атты ұлттық жобадағы бағыттарды іске асыру IT-саладағы жалпы ішкі өнімнің үлесін 5% дейін ұлғайтып, қолданбалы ғылыми зерттеулерді қаржыландыруда жеке сектордың үлесін кемінде 50% арттыруы тиіс. Ұлттық жобада өндірістік секторды, ғылымды және әлеуметтік саланы цифрландырудың бірқатар негізгі міндеті белгіленген. Мәселен, азаматтарымызға әлеуметтік қолдау алуды жеңілдетуге мүмкіндік беретін жобалар пулы іске асырылып жатыр. Жақында пилоттық негізде іске қосылған «Отбасының цифрлық картасы» жобасы осы тәсілдердің бірі болып отыр, — деді Смайылов.
Оның айтуынша, бұл жоба атаулы әлеуметтік көмек алуға мұқтаждық болуы мүмкін 480 мыңнан астам отбасын және зейнетақы төлемдері мен жәрдемақы алып отырған 100 мыңға жуық азаматты қамтуға мүмкіндік берді. Жобаны биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жыл соңына дейін «Әлеуметтік әмиян» жүйесін іске қосу жоспарланған. Жер қойнауын пайдалану саласының тартымдылығын арттыру мақсатында «Kaznedra» платформасын енгізу жоспарланып отыр. Бұл инвесторларға нақты уақыт режимінде минералдық ресурстардың деректер банкіне еркін қол жеткізуге мүмкіндік береді, — деді үкімет басшысы.