Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері және Татарстанның халық суретшісі, Қазақстан және Татарстан мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Кәміл Муллашевтің Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде ғылым, саясат, өмір мен қоғам туралы 76 картинасы қойылған. Барлығы дерлік кейінгі бес жылда салыныпты.
«Ақпарат ғасырында өмір сүріп жатқандықтан, оқиға, тақырып көп. Оның бәрін қорытып, өз үнімді қосқым келеді. Жаңа картиналарым уақытпен, қоғаммен тығыз байланысты. Мысалы, 2022 жылы дүниежүзіндегі түрлі саяси оқиғаға байланысты сурет салдым. Ал 2020-2021 жылдары шығармашылығымды коронавирус, өмір үшін күреске арнадым. Жалпы 2015-2016 жылдардан бері салған ғылыми суреттерді алғаш рет үлкен көрмеге шығарып отырмын», — дейді Кәміл Муллашев.
Суретші дүниежүзін шарпып, адамзатты алаңдатқан коронавирус тақырыбында бірнеше картина салған.
«Көзбен көріп, қолмен ұстауға келмейтін нәрсенің образын санамда көз алдыма елестетемін. Пандемия кезінде адамдарда түрлі эмоция, көзқарас пайда болды. Адамдар қолынан келгенше қауіпті вирустан қорғануға, құтылуға тырысты. Дәрігерлер адам өмірі үшін арпалысты, басқалар да адамзаттың қауіпсіздігі мен болашағы үшін түрлі шара қолданды. Ал шығармашылық адамдар жаңа туынды жасап, халықтың рухын көтеруге тырысты», — деп, суретші «COVID-19», «Өмір үшін күрес», «Сау бол» картиналарымен таныстырды.
Суретшінің саяси тақырыпты қамтыған туындылары залдың негізгі бөлігінде орналасқан. Кәміл Муллашев Украинадағы соғыстан бастап, ақпараттық, діни, азаматтық соғыс, билік үшін күрес — бәрін қамтыған.
«Украинадағы соғыс қатты әсер етті. Біз Кеңес Одағы кезінде бауыр, идеялас болдық. Дәл қазіргі жағдайда Ресейдің диктаторлығына қарсымын. Картиналарымда соны анық көрсетуге тырысамын. Әркімнің азаматтық ұстанымы әртүрлі, бұл түрліше көрініс табады. Медиа ақпарат таратады, ақын, жазушылар шығармасына арқау етеді, азаматтық белсенділер митингіге шығады, ал біз сурет салып, оны осылай көрмеге қоямыз. Бұл картиналарым біреуге ұнамауы мүмкін, ал тағы біреуінің ойын дөп басуы мүмкін. Өзім соғысқа қарсымын, бейбіт өмірді сүйетін, оны насихаттайтын адаммын. Дүниенің барлық нүктесінде тыныштық болғанын тілеймін. Адамның өмірі бәрінен қымбат», — дейді ол.
Кәміл Муллашевтың Қаңтар оқиғасы тақырыбындағы суреттерін де сұрайтындар көп екен. Суретші әлі бұл тақырыпты толық зерттеп, түсінбегенін айтады.
«Қаңтар оқиғасын әлі толық зерттеп бітпедім. «Неге бұлай болды», «Кім кінәлі?» деген жауабы нақты емес сұрақ көп. Үнемі бақылап, оқып отырамын, бірақ сурет салуға әлі дайын емеспін. Әзірше өзім түсінетін, өзім қызығатын және толық зерттеген тақырып бойынша сурет саламын», — дейді ол.
Суретшінің саяси астары бар кей картинасын бір қарағанда түсіну қиын. Сондықтан Кәміл мырза өзі түсіндіріп берді.
«Бұл — «Уақыт жаршысы» картинасы. Қазір адамзат ақпарат ағынының ортасында өмір сүреді. Миымызға тыныштық жоқ. Бүкіл әлемді танимыз, хабар аламыз, бәрі алақанымызда тұрғандай күй кешеміз. Жақсысы бар, жаманы бар — бәрі өмірімізден, көңілімізден орын алады. Мұның қаншалықты ауыр екенін түсініп, сезіне бермейміз». Суретші картина арқылы осыны көрсеткісі келіпті.
Ал мына картина «Сайқал дүние» деп аталады. Биліктегі көзбояушылық, екіжүзділікті суреттейді.
«Трибунада айтылатын өтірік уәдені, құрғақ сөзді, адамдардың бір-біріне, билікке сенімін көрсеткім келді. Таққа отырып, билікті қолына алғанша уәдені үйіп-төгіп, кейін ойынан да, сөзінен де тайқып кететіндердің маскасын білдіреді. Адамды бетіне қарап мақтау, кейін басынан бақ тайған соң оған қарсы оқ ату бейнеленген», — дейді автор.
Көрмедегі тағы бір қызық бөлім — ғылым әлемі. Суретші 2016 жылдан бастап физика, химия, микробиология саласына қызығып, қиял мен ғылымды ұштастырған.
Көрмеде жаһандану, космос, робот техникасын басқа қырынан көруге болады.
77 жастағы Кәміл Муллашев тәуліктің 10-12 сағатын суретке арнайды. Ол әр картинасына маңызды міндет қояды.
«Суретші жай ғана қиял емес. Оның ғылыми, саяси, қоғамдық пікірі, тұжырымы, білімі болуы керек. Бір тақырыпта сурет салмай тұрып сол саланы біраз уақыт зерттеймін. Сурет салу шығармашылық жұмыс, қиялдан туындайды десе де, картиналар өміршең болып, аудиториясын табуы үшін өмір шындығынан шалғай болмауы керек», — дейді суретші.
Көрмені аралап жүріп суретшінің стилі реализмнен басталып, дерексіз, фантастикалық формаға дейін өзгеріп отыратынын байқауға болады.
«Оқушы кезімде физика, химия, биология ғылымдарына қызықтым. Ұстаздарым жақсы іргетас қалап берді. Қазір дамыған заманда қажет ақпаратты оңай тауып, үйренуге болады. Сондықтан картиналарымның тақырыбы әртүрлі саланы қамтиды», — дейді суретші.
«Картиналарым әр заманның естелігі сияқты. Көрмеге келген кез келген адам жанына жақын бір суретті таба алады. Бұрын бізге арман болып көрінген нәрселер қазір ғылымның нақты жетістігіне айналды. Қазіргі жастар «біз туғанда әлем осындай болып тұрды, бұрын да осылай болған» деп ойлауы мүмкін. Өзім феодализмді, социализмді, капитализмді де көрген адам ретінде уақыт өткен сайын дүниежүзінің, қоғамның қалай өзгергенін салыстыра аламын», — дейді ол.
Көрменің ашылғанына бір апта болды, күн сайын келушілер бар. Әсіресе, оқушылар, студенттер көп келеді екен. Суретші де жастармен тез тіл табысатын сияқты.
«Өзім музейді келгендермен бірге аралап, «Мына картинаны көргенде ойыңа не келді», «Не түсіндің», «Неге ұқсайды?» деп қызығамын. Олар да маған түрлі сұрақ қояды. Жастар ондай, жастар мұндай, өнерге қызықпайды, гаджетке телміріп отырады деп айтудан аулақпын. Жастардан үйренетін нәрсе көп, олар түрлі идея беріп, шабыттандырады. Тіпті, менің картинамнан өзіме беймәлім ақпарат тауып береді», — дейді суретші.
Көрмеге келушілердің бірі — Қанағат Амангелдіқызы. Биыл 1-курс студенті. Көрме өтіп жатқанын ұстазы Серік ағайдан естіпті.
«Сабақтан шығып, музейге келдім. Болашақ дизайнер болғандықтан, осындай көрмеге келіп, адамдармен танысып, жаңа нәрселер үйренгім келеді. Кәміл Муллашевтің «Жалғыздық» деген картинасы ерекше әсер қалдырды. Суретшінің картиналарына қарап жүріп оны өзімнің қатарласым, замандасым, танысым салған сияқты әсер алдым», — дейді Қанағат.
Кәміл Муллашевтен қандай картина салуды жоспарлап жүргенін сұрадық. Қазір Димаш Құдайбергеннің картинасын салуды ойлап жүр екен. Суретші барлық жанрда сурет сала беретінін де айтты.
«Нақты қандай жанрды жақсы көресіз?» деп жиі сұрайды. Қатып қалған ереже жоқ. Портрет те, пейзаж да сала беремін. Көңіл-күйіме, идея мен шабытқа байланысты», — дейді ол.
Уақыт – суретші шығармашылығының негізгі символы. Себебі суретшінің есімі алғаш рет 1978 жылы Третьяков галереясынан сатып алынған «Жер және уақыт. Қазақстан» картинасы арқылы танылған.
Автордың еңбектері түрлі мемлекетте көрмеге қойылып, дүниежүзінің 26 елінде шығармашылық кешін ұйымдастырған. Алматыдағы «Уақыт үні» көрмесі 7 қазанға дейін жалғасады.