— Бибігүл ханым, Қазақстанда табиғи материалдан жасалған жиһазға сұраныс бар ма? Тапсырыс берушіні қайдан іздеп табасыздар?

 — Қазақстанда табиғи материалдан жасалған жиһаздарға сұраныс жоғары емес, бірақ кейінгі жылдары эко-френдли және интерьерге назар аударатындар көбейіп келеді. Сәйкесінше, тұтынушылар саны артып жатыр. Алты жыл бұрын ісімізді алғаш бастағанда жағдай мүлдем басқаша еді.

Тұтынушылар экожиһазды түрлі мақсатта сатып алады. Бірі кеңсе үшін, бірі үй жиһазы ретінде, кейбірі жай көрнекілік үшін тапсырыс береді. Жекеменшік мектептер үшін тапсырыс орындаймыз. Көбіне адамдар бір-бірінен естіп келеді.

Бибігүл Жүзбаева, экожиһаз
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Жиһаздың сапасын саналы түрде түсініп келетіндерге риза боламын. Білмейтіндеріне түсіндіруге тырысамыз. Біз бизнес үшін ғана емес, экосауат үшін де қызмет етеміз.

— Экожиһаз қандай материалдан жасалады? Оның адамға қандай әсері бар?

— Табиғатта таза түрінде кездесетін, құрамын өзгертпей, тек формасы мен түсін өңдеу арқылы жиһаз жасауға болатын материалдарды қолданамыз. Біздің компания әдетте ағаш, болат, мәрмәр және тағы басқа табиғи тастардан жиһаз жасайды. Маңыздысы — «тірі» әрі «тыныс алатын» материал болғаны. Табиғи материалдың өзін балауызбен, маймен ғана өңдейміз.

ағаш үстел, жиһаз
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
оникстен жасалған үстел
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Табиғи материал таңдағанда оның маркасы мен сертификатына назар аударамыз. Шикізатты PEFC (орман сертификаттауын қолдау бағдарламасы) және FSC (орманды басқару кеңесі) жасыл маркасы бар компаниялардан ғана сатып аламыз. Бұл сертификат материалдың экологиялық таза екенін, арнайы қорғалатын орманда өскенін білдіреді. Өзіміз де жұмыс барысында экологияға зиян келтірмеуге тырысамыз.

кофе, экология, жеңілдік
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Green Omir, кофейня
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Табиғи таза материалдан жасалған жиһаз аллергия туғызбайды. Айналамызда түрлі жиһаз бар. Үйді, офисті, мектепті, университет пен кітапхананы, мейрамхана мен кафені — бәрін жиһазсыз елестету қиын. Ал ондағы жиһаздың сапасы, сертификаты бақылана ма? Адамдар бұған назар аудармайды.

Қазір демікпе, аллергия, ұйқысыздық, бас ауруы жиі кездеседі. Ал бұған бірден-бір себеп — сізді қоршаған ортадағы жиһаз десем, сенесіз бе? Тәуліктің үштен бірінде үйде боламыз, керуетте, диванда ұйықтаймыз. 8 сағаттап жұмыста немесе оқуда боламыз. Ол жерде де жиһаз бар. Тәуліктің қалған үштен бірінде кітапхана, кафеде болуыңыз мүмкін. Тамақ ішсек те, кино көрсек те, демалсақ та жиһазға отырамыз. Ал ол жиһаздар «тыныс ала ма»? «Тірі» материалдан жасалса, тыныс алады. Ал қазір көп жиһаз зауыттағы қалдықтан немесе қайта өңдеуге келмейтін заттан жасалады.

ағаш жиһаз
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Балабақша мен мектепте қолданылатын пластмасса жиһаздың құрамы, неден жасалғаны, оның бала ағзасына зиян екені ешкімді мазаламайды. Бізді қоршаған орта, ішкен тамағымыз, өмір салтымыз өмір сапасына, денсаулығымызға әсер етеді. Экосауатты әуелі саулығымыз үшін меңгеруіміз керек.

кепка, жасыл экология
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Green Omir
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

— Қолжетімді экожиһаз өндіру үшін не істеуіміз керек?

 — Мұның екі ұшы бар. Экожиһаздың бағасы мен өміршеңдігін есептесек, тиімді екеніне көз жеткізе аламыз. Табиғи таза материалдан жасалған жиһазды қайта өңдеуге болады. Мысалы, болаттан немесе ағаштан жасалған жиһаз бүлініп немесе кірлеп кетсе, қалпына келтіру оңай. Болатты қайта балқытып, ал ағаш пен бағалы тасты қайта өңдеу арқылы ескі жиһазға жаңа тыныс сыйлауға болады. Сол себепті табиғи материалдан жасалған жиһаз «мәңгі өмір сүреді».

ағаш жиһаз
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Әрине, мұндағы «мәңгі» сөзін салыстырмалы түрде қолданып отырмын. Green Omir компаниясының нарыққа шыққанына 6 жыл болды. Жасаған жиһазымызға 10 жылға дейін кепілдік береміз. 10 жыл ішінде жиһаз бүлінсе, тегін жөндеп береміз. Осы күнге дейін шағымданған тұтынушы көп емес. Біз өнімнің сапасына, беріктігіне сенімдіміз, сол үшін де қамсыз жүреміз. Мысалы, табиғи ағаштың шіруі үшін жүздеген жыл уақыт керек. Шыңдалған болат та ұзақ қызмет етеді.

Жақында мынадай бір оқиға болды. Бізден ағаш үстел сатып алған әйелдің баласы үстелге зеленка төгіп алыпты. Біздің мамандар ағаш үстелді өңдеп, сыртын бояп берді. Егер сапасыз үстел болғанда, оны қоқысқа лақтырар еді.

ағаш жиһаз
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Байқауымша, қазақстандықтар көбіне жұмсақ жиһаз сатып алады. Сапа, баға, жасалу жолы жағынан екеуінің айырмашылығы көп. Қазақстанда жұмсақ жиһаз тек құрастырылады. Елімізде қажет шикізат өндіретіндер жоқ. Әртүрлі елден әкеліп, Қазақстанда құрастырып сатады.

ағаш жиһаз
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Дайын жиһазды да шетелден тасымалдайды. Тауардың өзіндік құны бар, салық бар, тасымалдау бар — соңында бағасы удай болады. Біз жасайтын экожиһаздың сапасы елге импортталатын өніммен бірдей, ал бағасын одан төмен қоюға тырысамыз.

Шикізатты көбіне Ресей орманынан тапсырыспен алатынбыз. Кейінгі жағдайлардан кейін шикізат жеткізу қиындап кетті. Бар болса да, қымбат. Сонда да біз нарықтағы бағаны тұрақты ұстауға тырысамыз.

жиһаз
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Мына үстел тұтас емен ағашынан жасалған. Қазақстанда, Алматыда мұндай жиһаз жасай алатын шеберлер саусақпен санарлық. Ал мына үстелдің беті оникс атты Египеттен келген бағалы тастан жасалған. Оны қайта өңдеуге болатын металмен байланыстырып осындай журнал үстелін жасадық.

үстел, жиһаз
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Элементтерді үйлестіре білу ерекше талғамды талап етеді. Қазақстанда 6 жыл бұрын мұндай сападағы жиһаз жасайтын компания болмады.

 — Green Omir компаниясын құру туралы ой қалай пайда болды?

 — Сапалы, зиянсыз жиһаздың қандай болатынын Америкада халықаралық компанияда жұмыс істеп жүргенде түсіндім. Жылу энергетикасы құрылғыларын дамытатын компанияның қаржы бөлімінде жұмыс істедім. Компания кеңсесіндегі жиһазды ұстап, қолданған сайын «Шіркін, Қазақстанда да осындай жиһаз болса ғой» деп армандайтынмын. Ол кезде елімізде мұндай жиһаз бар ма, жоқ па, білмеймін де. Жиһазды интерьермен үйлестіру туралы да білімім аз болды. Зерттей келе елдегі Zeta, IKEA сияқты дүкендермен, Қытайдан, Түркиядан, Америкадан, Италиядан жиһаз әкелетін компаниялармен таныстым.

Өкініштісі, қазақстандық экожиһаз жасайтындар туралы ақпарат таппадым. Green Solution, Green Life, Green Tech деген компаниялар туралы лекцияға қатысып отырғанда, Green Omir идеясы пайда болды. 2014 жылы халықаралық компанияда жұмыс істеп жүргенде USAID-тың бағдарламасының  жеңімпазы атандым. Осылайша, Америкада пайда болған идеяны жүзеге асыру үшін елге оралдым.

Әуеліде экожиһаз жобасын өзім ғана бастадым. Дизайнер де, бухгалтер де, идея авторы да — өзім. Алғашқы жиһазды үйде, есіктің алдында жасадым. Әуелі ағаш сатып алып, оны өңдедім. Кейін оны болатпен байланыстыру үшін метал пісіруші (сварщик) іздедім. Алғашқы серіктесім Сергей есімді маман болды.

Бибігүл Жүзбаева
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

«Green Omir жиһаздарының бәрін түгелдей өз қолымызбен жасаймыз» деп шештік. Компаниямыз алыпсатар, жеткізуші емес, нағыз отандық өндіруші болғанын қаладық. Әр жиһаздың деталін жеке-жеке ойластырдық. Ұзындығы, ені, түрі мен формасы, түсі — ешқайсы қайталанбайды. Тапсырыс берушінің ойын, идеясын жүзеге асырамыз.

1,5 жыл бойы үйдің ауласында жұмыс істедік. Кейін ірі жиһаздарға тапсырыс келе бастағанда үйде жұмыс істеу қиындады. Арнайы цех жалдадық. Бес жыл бойы сол цехта түрлі жиһаз «өмірге келді». Қазір басқа цех іздеп жатырмыз. Бұрынғы цех базасы сатылып кетіпті.

— Алғаш жасаған жиһазыңыз есіңізде ме? Идеяны қайдан табасыз?

 — Алғашқы жиһазымның туған күні де есімде. 2016 жылғы 6 мамырда дайын болды. Бұл датаны алғашқы балам өмірге келген күндей жатқа білемін.

Бибігүл Жүзбаева
Бибігүл Жүзбаева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Содан кейін алғашқы жиһаз топтамасын жасадық. Оны фотоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялай бастадық. Түрлі көрмеге барып, өнімдерімізді көрсетіп жүрдік. Әкімдік ұйымдастырған көрмеге қатысқанымызда сол кездегі қала әкімі Бауыржан Байбек өнімімізді сатып алды. Әр тұтынушы бізді жаңа жиһаз жасауға шабыттандырады.

— Green Omir кофеханасы қашан ашылды? Green Omir компаниясын осы кофехана арқылы білетіндер көбірек сияқты…

 — Экожиһазға сұраныс артқан сайын шоурум қажет екенін түсіндім. Алматыда сауда орталығынан орын жалға алып, жиһаздар көрмесін жасадық.

шоурум Green Omir
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Жиһаз онлайн тапсырыс бере салатын азық-түлік емес. Жиһаз сатып алу — эмоциямен емес, ақылмен шешетін шаруа. Оны ұстап, отырып, сипап, қолданып көру керек.

Адам өзіне ыңғайлы орындықты табу үшін ондаған, тіпті, жүздеген орындыққа отырып көруі мүмкін. Сондықтан жиһаз өндірушілер үшін шоурумның болғаны маңызды. Шоурум ашылған соң келушілер, көрушілер, қызығушылық танытушылар айтарлықтай көбейді.

жиһаз, интерьер
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Шоурум 3,5 жыл жұмыс істеген соң пандемия басталып, сауда орталықтары жабылып қалды. Пандемия кезінде көп ойланып, жеке шоурум ашу туралы шешім қабылдадым. Карантиннен кейін ботаникалық бақ маңынан ғимарат алып, жөндеу жұмыстарын жасадық.

жиһаз, интерьер
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Өткен-кеткен адамдар ғимаратқа кіріп, «Бұл не?» деп жиі сұрайтын. Жиһаз шоурумы екенін айтқанда, «Кофехана екен деп ойладық» деп, шығып кететін.

Адамдар кофехана екен деп келіп, шоурум екен ғой деп кетіп жатса, кофехана да ашып алайық деп ойладым. Ол кезде ұлым Әлімжан сабақтарына онлайн қатысып жүрді. Ұлым идеямды қолдап,  ғимараттың бір бұрышынан шағын кофейня аштық. Балам өзі бариста болды. Сөйтіп, ғимаратымыз кофеханаға, ұлым үшін сабақ оқитын және жұмыс істейтін орынға айналды.

кофе
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

 — Ғимараттың әр бұрышы ерекше, шағын шоурумға жиһаз ғана емес, өнердің түрлі саласын топтастырып қойғандай екен…

 — Әр жиһазды жасағанды оны адамға, ұлтқа, елге ұқсатамын. Сол үшін шоурумда түрлі стильдегі бұрыш бар. Әсіресе, жапон стиліне басымдық береміз. Себебі ол минимал, қатал және сабырлы. Әр детальде философия, мағына жатыр.

жапон бұрышы, кофейня
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Шоурумда демалыс күндері шәй ішу кешін, түрлі шеберлік сабағын өткіземіз. Бос уақытымда жапон кимоносын тігемін. Келушілер киіп көріп, таңғалып жатады. Ұнатып, сатып алатындары да бар. Бариста тұратын жерде жапон тілінде «Green Omir-ге бейбітшілік» деп жазылған. Мұны жас суретші қыз салып берді.

жапон жазуы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Кей адам кофе ішіп, жиһаз көру үшін емес, суретшілердің туындыларын тамашалау үшін келеді. Өзім де кейде сурет саламын. Үйден бір-екі картинаны әкеліп, әдемілік үшін іліп қойғанмын. Атакентке көрмеге келген суретшілер, ботаникалық бақта серуендеп жүрген адамдар көріп, қызыға бастады. Бірнеше суретші өзі салған картинаны ілуге рұқсат та сұрады. Шағын ғана болса да, шоурумның интерьеріне қатты назар аударамын. Суретшінің картинасы интерьерге сәйкес келсе ғана аламын. Сөйтіп, шоурум түрлі туындымен толыға берді.

картина
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Картинаға қызығып, сатып алатындары бар. Осылайша, өнер адамдарына қолдау жасаймын. Суретшілер сату өнерін онша меңгермеген халық қой. Туындысын бағалап, сатып алып жатса, біз де қуанамыз.

Барсик есімді мысығымыз бар. Келушілердің сүйікті досы. Қазақстандықтар еркін, жайлы өмір сүру салтын енді меңгеріп келе жатқандай. Біздің шоурум экожиһазды қалаған жеріңе қойып отыруға, күн шуағында рақаттанып отыруға, Барсикпен ойнап, сыр бөлісуге, өнер туындыларын тегін тамашалауға мүмкіндік береді.

Барсик пен Бибігүл, мысық
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Сіздерді де шағын шоурумның атмосферасында жұмыс істеуге шақырамын!

— Әңгімеңізге, ықыласыңызға рақмет!