«Восточный» айлағы «Байқоңырмен» бәсекелесе ала ма?

Тәуелсіздік жылдары Қазақстан ғарыштық бағдарламаларды дербес жүргізе алатын жағдайға жетті ме? Байқоңыр, жұрт айтып жүргендей — «қажетсіз металл қалдықтары алаңына» айналуы мүмкін бе?

Ол үшін ресейлік «Восточный» ғарыш айлағының қаншалықты дайын екенін білу керек. Бұл айлақты салудағы басты мақсат — «Байқоңырдан» тәуелсіздік болса да, оның бірден жүзеге асуы мүмкін емес. Жаңа айлақ салынған 2016 жылдан бері зымыран 6-7 рет қана ұшырылған. Бұл жерде назар аударатын нәрсе — бірде бір рет адам ұшырылған жоқ, яғни «Байқоңыр» — әбден сыннан өткен кешен ретінде маңызды болып қала бермек. Оның үстіне, «Восточный» айлағының іске қосылуы медиа үшін имидждік жоба болған сияқты. Себебі айлақтағы техникалық проблемалар жөнінде тіпті ресейлік шенеуніктердің өзі айтып жүрді. Аталған проблемалардың ішінде — ғарыш жабдықтарын жеткізуден бастап, қызметкерлер үшін баспана мәселесіне дейін бар. Бұған қоса, жаңа айлақтың географиялық орналасу ерекшелігі де ғарышқа «Байқоңырдағыдан» азырақ жүк көтереді. Сондықтан Ресейдің «Байқоңырдан» кенет кетіп қалғанын елестету қиын.

Бұған қоса, Ресейге салынған санкциялардың салдарынан дүниежүзіндегі бір де компания жерсеріктерді сақтандырмайды. Ал ешқандай ел өте-мөте қымбат жерсеріктерді сақтандырмай ұшырмайды.

Илон Маск зымыранды ұшырудың үнемді технологиясын жүзеге асырғаннан кейін (SpaceX Dragon), тарихта алғаш рет ғарышқа ұшу бағасын төмендете беру мүмкіндігі пайда болды. Зымыран гильзасын аман-есен қондырып, тағы пайдалану әдісі әрбір келесі ұшыру бағасын арзандата беруге мүмкінді береді. Бұл жөнінде Ресейдің зымырандары баға жағынан ұтылып жатыр. Осы орайда «Байқоңырдың» артықшылығы — пилоты бар зымыран ұшыру. Халықаралық ғарыш станциясымен әбден ысылған кемелерді ұшыру кезінде «Байқоңыр» айлағы флагман болып қала бермек. Бұл орайда «Восточный» айлағы «Байқоңырмен» бәсекелесе алмайды.

Соның арасында Қазақстанда «Байқоңыр» айлағына көзқарас та өзгерді. Бұрын негізінен автоном, дербес даму парадигмасы болса, кейін халықаралық байланыстарға мән беру керегі айтылып жүр. Бұл жерде санкцияға ұшыраған Ресейдің ендігәрі технологиялық жаңалық енгізе қою ықтималдығы өте төмен екенін де атап өту керек. Себебі ғарыштық технологиялар – өте-мөте күрделі технологиялық жабдықтарды қажет ететін сала. Ал Ресейдің қазір тіпті автомобиль өндірісін игере алмай отырған жайы біраз нәрседен хабар береді. Бұл орайда бар үміт – Қазақстанның өзінің ғарыштық бағдарламасында.

Қазақстан тарапының экономикалық шындықты ескеріп, 2020-2021 жылдары ғарыш бағдарламасын қайта қарағанын атап өту керек. Әсіресе, SpaceX пен OneWeb жетістіктерін ескеріп, бағдарламаға коррекция жасауы уақтылы әрекет болды. Сондықтан KazSat телекоммуникациялық жерсеріктер топтамасын әрі қарай пайдалану мәселесі қайта қаралуы мүмкін. Бұған қоса, Айға қонуға жарыс әлем бойынша екінші рет жанданды. Бұл жерде – адам баласы алғаш ғарышқа ұшқан, әрі ірі ғарыш кешені болып отырған «Байқоңырдың» қандай да бір үлесі болатыны сөзсіз.