Басты бетЖаңалықтар«Қазақфильмге» жаңа...

«Қазақфильмге» жаңа міндеттер жүктеледі

Бұл туралы мәжілістің жалпы отырысында кинематография және мәдениет мәселелері бойынша заң жобасын талқылау кезінде мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев айтты.

Атап айтқанда, «Қазақфильмді» саладағы мемлекеттік қорын сақтауды жүзеге асыратын заңды тұлға ретінде анықтау ұсынылған. Өз кезегінде «Қазақфильм» бұл қызметті ондаған жылдар бойы табысты атқарып келді. Сонымен қатар жаңғырту аясында олар фильмдерді цифрлы нұсқаға ауыстыру құрылғысын сатып алды және отандық киноның алтын қорын біртіндеп цифрлы форматқа ауыстыру мүмкіндігі пайда болды, — деді Абаев.

Сонымен қатар ол ұлттық фильмдер түсіруде сатып алынған сахна-қойылым құралдарын сақтау және пайдалану мәселесін реттеу ұсынылып отырғанын айтты.

Бұл жерде декорациялар, павильондар, сахналық заттар туралы сөз болып отыр. Бүгінде түсірілім аяқталғаннан кейін барлық жабдық студияларға беріледі немесе иесіз қалады. Осы орайда, түсірілімнен кейін қалған сахналық-қойылымдық құралдарды сақтауды «Қазақфильмге» тапсыру ұсынылады, — деді министр.

Айта кетейік, мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография және мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды.