Жиын кезінде биыл қолға алынатын үлкен жоба таныстырылды. Ортсайлауком мүшесі Сәбила Мұстафина онда оқушылар мен студент жастарға маңызды орын бөлінетінін жеткізді:
«ОСК факультативтерді, сабақтан тыс жұмыстарды жүргізуге және мектептік және студенттік өзін-өзі басқарудың әртүрлі формаларын дамытуға әдістемелік көмек көрсететін болады. Қазіргі кезде ЖОО-ларда заңгерлік емес мамандықтарда құқықтық оқыту – арнаулы құқықтық, элективті курстар, «мектептер», семинарлар арқылы коммерциялық және бюджеттік негізде жүзеге асырылады. Осыған байланысты біз Білім және ғылым министрлігіне осы курстарға «Сайлау құқығы» тақырыбын енгізу туралы ұсыныспен шықтық. Сондай-ақ ЖОО-ларда «Сайлау құқығы» пәнін «жалпы білім беруші пәндер цикліне» 1 кредит көлемінде барлық мамандықтар үшін енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылады», – деді ол.
Ортсайлауком БҒМ-мен және Мемлекеттік басқару академиясымен жақын күндері осы бағытта меморандум бекітуді жоспарлап отыр.
«Электоралдық оқыту мәселелеріне енді ОСК жұмысында айрықша көңіл бөлінетін болады,» – деді Берік Имашев. «Ең бастысы, бұдан былай бұл жұмыс сайлау науқанымен шектелмей, тұрақты, жүйелі негізге көшірілуге тиіс. Сайлаушылардың сауаттылығы көтерілсе, аумақтық сайлау органдарының кәсіби деңгейі артса, кейде бой көрсетіп қалатын олқылықтар да жойылады», — деді ол.
ОСК басшысы «аумақтық органдарға өз өңірлерінде осы мәселеде саналуан оқу орындарымен ынтымақтасуына ешкім тыйым салмайтынын» қадап айтты: «Ең бастысы, біз мектеп оқушысынан бастап, зейнеткерге дейін Қазақстан халқын барынша қамтуға тиіспіз. Және бұл қамту тұлғаның дамуы мен әлеуметке кірігуінің барлық деңгейлеріне енгені жөн» -деді Б.Имашев.
Айта кетейік, бұған дейін биыл Қазақстанда 4 сайлау науқанын өтетіндігін хабарлағанбыз.