Бұл туралы ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев айтты.
Вице-министрдің айтуынша, Алматыда жатақханалардың орын тапшылығы мәселесін шешу үшін министрлік пен қала әкімдігі тарапынан жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Біз қала әкімдігімен бірлесе студенттер үшін хостел, қонақүйлердің иелерімен келісім жасастық. Соның нәтижесінде қазір 7 мыңнан астам студентке орын табылып, сонда орналасып жатыр. Мысалы, Абай атындағы ҚазҰПУ бүгінде 4 хостелмен кездесіп, мыңнан астам студенттің тұруына мүмкіндік жасады, — деді Қуаныш Ерғалиев.
Ол сонымен қатар мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында кейінгі үш жылда жатақханалардың қарқынды түрде салынып жатқанын атап өтті.
Өткен жылы Қазақстанда шамамен 49 жатақхана салынды. Биыл 40-қа жуық жатақхана салынады деп жоспарланды. Бұл, студенттер үшін қосымша 10 мыңнан астам төсек-орын болады деген сөз. Президент өз жолдауында да осы мәселені көтеріп, бізге тиісті тапсырма берді. Қазір ол бойынша инвесторларды тартып жұмыс жасап жатырмыз. Қысқаша айтқанда, қазіргі таңда Қазақстанда жатақханаларда орын тапшылығы мәселесін шешу жұмыстары жүріп жатыр, — деді ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.