Енді Отбасы банкінде жылжымайтын мүлікке құқық ауыртпалығын кепілден Otbasy bank мобайл қосымшасының көмегімен онлайн алып тастауға болады. Мұндай қызметті Отбасы банк Қазақстанда алғаш болып енгізді.
Blockchain технологиясы тұтынушылардың уақытын айтарлықтай үнемдейді. Оның көмегімен 22 мыңға жуық кепіл шарты тіркеліп үлгерді. Әдетте 3 күнге созылатын қызмет қазір бірнеше минут қана уақыт алады. Осылайша жаңа технология кепілді тіркеуге жұмсалатын 500 000 сағаттан астам уақытты үнемдеуге көмектескен. Сондай-ақ, банктің IT-мамандары жалдау ақысын субсидиялауға өтінім беру процесін жеңілдетті. Аз уақытта бірегей платформа әзірленіп, барлығы онлайн режимге көшірілді.
Жаңа жоба жасауға ынталы жастарды Отбасы банк өзі оқытуды жөн көреді. Соңғы бір жылдың ішінде ондаған студент қаржы құрылымында тағылымдамадан өтіп, нәтижесінде жаңа ІТ-шешімдер ұсынып, банкте тұрақты жұмысқа орналасқан. Цифрлық трансформация департаментінің директоры Евгений Герценнің айтуынша, банк 2021 жылы «ШАГ» компьютерлік академиясымен ынтымақтастық меморандумына қол қойған.
Қазір бағдарламалау тілін білетін IT-маман өте көп, бірақ барлығы бірдей оны пайдалана алмайды. «ШАГ» академиясының түлектері мықты болғандықтан біз оларды банкке жұмысқа аламыз. Қазірдің өзінде екі студент банкте жұмыс істейді. Жақында жылжымайтын мүлік порталына тағы екі студентті жұмысқа қабылдадық. Бұдан кейін айына 5 студентті тәжірибеден өтуге шақырамыз. Біздің ұжым жасы 30-дан аспайтын жастардан құралған. Олардың банкке пайдалы жоба жасауға қатысты қызық ұсыныстары бар және барлығы қайта даярлауды қажет етпейтін мамандар, — деді цифрлық трансформация департаментінің директоры Евгений Герцен.
Отбасы банкінде цифрландыру үрдісі қарқынды жүріп жатқандықтан ІТ-мамандар үнемі сұранысқа ие.
Білікті мамандар нарықта өте қымбат бағаланады, ал жастардың әлеуеті өлшемге келмейді. Алайда жастар үнемі даму үстінде және олар мәселені жаңаша жолдармен шешуге дағдыланған. Сондықтан бізге олармен бірге жұмыс істеген ұнайды, — дейді Евгений Герцен.
Оның айтуынша, қазір банктегі барлық процесті онлайн жүзеге асыруға болады.
Жақында биометриканы жаңарттық. Енді флешканың көмегін қолданбай, тек цифрлық әдіспен құжаттарға қол қоюға болады, — деді Евгений Герцен.
«ШАГ” білім ордасында бір жыл тәлім алған жас маманның бірі – Исабек Омаров. Оны Отбасы банкіне оқытушысы жіберген. Жаңа ортада өзін жақсы қырынан көрсете білген маман көп ұзамай Отбасы банкіне жұмысқа орналасқан. Ал биыл IT-маман мемлекеттік маңызды жобалардың бірі, жалдау ақысын субсидиялауға арналған платформаны әзірлеуге қатысқан.
Қағазбастылыққа жол бермей, ХҚКО-да кезек санын азайту мақсатымен біз субсидия алуға өтінім берудің онлайн платформасын жасадық. Адамдардың уақытын үнемдеп, процесті ыңғайлы еттік. Платформа әуелі халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған. Ішінара жалға берілетін тұрғын үйге арналған субсидияны мүмкіндігінше тезірек алуға көмектесеміз. Биылдың өзінде 25 мыңнан астам өтініш онлайн қаралды, — деді Исабек.
Банктің тағы бір қызметкері Наиль Рахматуллин Baspana Market маркетплейсі мен банктің ақпараттық қауіпсіздігін жақсартумен айналысады. Жас маман транзакциялардың қауіпсіз орындалуын, деректердің жоғалып кетпеуін қамтамасыз етеді.
Веб-сайт интерфейсі қаншалықты қауіпсіз, банктің инфрақұрылымында осалдық бар ма, соны зерттеймін. Біз тұтынушыларға ғана емес, ішкі қолданушыларға да назар аударамыз, — дейді ол.
Жас маман жаңа міндеттер мен қиындықтардан қорықпайтынын, оларға әркез дайын екенін жеткізді.
Маңыздысы – банкте ешқашан жұмыс тоқтап қалмайды, тек алға ілгерлеу ғана. Ақпараттық деректердің тығыздығынан банктегі жұмыс үнемі қызықты. Мұның бәрі жақсы тәжірибе жинау үшін тамаша мүмкіндік, — дейді Наиль.
Отбасы банк тұтынушыларға жоғары сапалы қызмет көрсету үшін қызметін одан әрі жетілдіруді және цифрландыруды жоспарлап отыр. Ол үшін сауатты және білікті ІТ-мамандар тобын құруға ниетті.
IT-де кадр тапшылығы бар. Оларды нарық талабына сай оқыту, өсіру, дайындауымыз керек. Бұл жаңа саланың дамуына әлеуметтік үлес және біздің еліміздегі кадр мәселесінің әмбебап шешімі бола алады, — деп қорытындылады Евгений Герцен.