24 тамызда жаңадан құрылған Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында Сенат депутаттарының сайлауы өтіп, қатарымызға 6 сенатор қосылды. Жаңадан сайланған депутаттарды сайлаудағы жеңістермен құттықтаймыз. Сіздер түрлі салада қызмет атқарып, өңірлерде жылдар бойы табысты еңбек еттіңіздер. Енді мол тәжірибелеріңізді заң шығару қызметінде кеңінен пайдаланып, депутаттық міндеттеріңізді абыроймен атқарасыздар деп сенеміз, — деді сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Жаңадан сайланған депутаттар арасында Айнұр Серікбайқызы Арғынбекова, Бақытжан Кәкенқажыұлы Байахметов, Советбек Тұрсынұлы Медебаев, Ғалиасқар Төлендіұлы Сарыбаев, Амангелді Ғабдылқарымұлы Толамысов, Серік Жаманқұлұлы Шайдаров бар.
Қазақстан халқына адал қызмет етуге, ҚР тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін, — деді депутаттар.
Сенат отырысының қорытындысы бойынша аталған депутаттар палатаның тұрақты комитеттерінің құрамына сайланды.
Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің құрамына А.Арғынбекова, С. Медебаева, А. Толамысов кірді. Қаржы және бюджет комитетіне Б.Байахметов, халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне – Ғ. Сарыбаев, экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің құрамына — С. Шайдаров бекітілді.