Бұл туралы Рrimeminister.kz хабарлады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР үкіметі Пәкістан Ислам Республикасына адам өліміне әкеп соққан нөсер жаңбыр мен су тасқыны салдарын жою үшін 400 мың доллар мөлшерінде гуманитарлық көмек көрсетеді, — делінген хабарламада.
Бұл мәселе премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі комиссияның отырысында қаралды.
Ресми мәліметтер бойынша, Пәкістанда табиғи апаттан 1 033 адам қаза болды, оның ішінде 343 бала бар, сонымен қатар тұрғын үйлер мен инфрақұрылым қирады. Шамамен 35 миллион адам баспанасыз және азық-түліксіз қалды.
27 тамызда Пәкістан премьер-министрі Ш.Шариф халықаралық қауымдастықтан көмек сұрады.
28 тамызда ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан президентіне су тасқыны салдарынан адамдардың қаза болуына байланысты көңіл айтты.