Басты бетЖаңалықтарБатыс Қазақстанда...

Батыс Қазақстанда Абай күні атап өтілді

Одан әрі Ж.Молдағалиев атындағы облыстық кітапханада «Адалдықты мұра еткен Ұлы Абай» атты рухани кеш өтті. Кеште сөйлеген сөзінде белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айтқали Нәріков жас ұрпақ Абайды тануы үшін әуелі үлы қаламгер Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясын мұқият зерделеп оқуы керектігін қадап айтты. Осы пікірге М.Өтемісов атындағы БҚУ оқытушысы, педагогика ғылымдарының докторы, академик Абат Қыдыршаев та өз ойын қосты.

“Егер әрбір отандасымыз Абайдың «Қара сөздерін» зерделеп оқитын болса, соны басшылыққа алатын болса, еліміздің ертеңі жарқын, келешегі көркем болатынына мен сенімдімін. «Қара сөздер» ұрпақтан ұрпаққа беріліп, өзінің маңызын күн өткен сайын арттыра түскен құнды ақыл-ойдың кені болуымен қымбат. Білімнің өзі алдымен тәрбие арқылы берілуі керек”, — деді А.Қыдыршаев.

Белгілі ақын, Әлішер Науаи медалінің иегері Талап Таймасұлы бүгінгі күні қалың бұқараның назары әлеуметтік желілерге ауғанын, өмірдің материалдық жағына басымдық беретінін, соның салдарынан рухани азық болатын көркем әдебиетті сирек оқитынын, ал мұның ақыры ұлттың дағдарысқа ұшырауына алып баратынын қынжыла айтты.

Кешті БҚО әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілетті өкілі Айман Хайруллина қорытындылады.

“Бүгінгі өте маңызды шараны ұйымдастырушыларға зор алғысымды білдіремін. Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексіндегі талаптар да Абайдың «Қара сөздерімен» үндес келеді. Яғни, әділ, адал болуға, үлкенді сыйлауға, кішіге қамқор болуға шақырады. «Жаңа Қазақстанды» құратын барша қауым Абайды терең түсініп, оқуы тиіс. Абай мұрасы мәңгілік мұра”, деді А.Хайруллина.