Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің төрағалығымен өткен білім беру грантын беру жөніндегі конкурстық комиссияның отырысында белгілі болды. Жиын барысында облыс әкімінің грантына өтініш берген үміткерлер тізімі қаралды.
Атырау облысы әкімдігінің 2022-2023 оқу жылына арналған жергілікті бюджет есебінен конкурстық негізде білім беру гранттарына құжат қабылдау 10-17 тамыз аралығында өткен еді.
Атырау облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Дүйсекенованың айтуынша, өңірдегі кадр тапшылығын шешу мақсатында облыстық бюджет есебінен денсаулық, білім және басқа да маңызды салалар бойынша білім беру гранттары бөлініп отыр. Биыл конкурсқа қатысуға 231 талапкер өтініш берген.
Әкім грантын иеленген түлектердің дені – болашақ мұғалімдер мен дәрігерлер. Атап айтқанда, облыс әкімінің грантын жеңіп алған 107 түлектер арасында 32 түлек М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетіне, 19 түлек С.Ж.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетіне түссе, Т.Қ.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясына білім алуға 5 жас оқу грантын ұтып алды.
9 түлек «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетіне, 40 түлек Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне, 1 түлек Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне, ал 1 түлек қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне оқуға түсті.