Ақтөбеден Таиландқа тікелей рейс ашылады

Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай Таиландқа тікелей рейс ашылатынын хабарлады.

SCAT әуекомпаниясы 19 қазаннан бастап Ақтөбе – Таиланд бағыты бойынша Пхукет аралына рейс ашатынын қуана хабарлаймыз. Билетті қаланың турагенттіктері турпакет арқылы сатады. Таиландқа сапар жоспарламас бұрын, елге кіру ережесімен танысуды сұраймыз, — делінген ресми хабарламада.

Бұған дейін Ақтөбе әуежайы FlyArystan компаниясының 24 қазаннан бастап Ақтөбе-Дубай бағытында ұшатынын хабарлаған болатын. Рейс аптасына екі рет дүйсенбі және жұма күндері орындалады.

Айта кетері, былтыр Нүкіс, Тбилиси, Ыстанбұл, Қазан мен Мәскеуге рейстер қайта ашылған. Ішкі рейстерге де билет сатыла бастады. Жалпы бүгінде Ақтөбе әуежайынан 12 жолаушылар рейсі ұшады.

2022 жылы Анталияға ұшатын рейстер саны артты, аптасына алты рет ұшақ қатынай бастады. Мәскеуге төрт рет ұшады. Ал шілде айында Бакуге рейс ашылды.

Telegram арнамызға жазылыңыз

Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын телеграм каналынан оқыңыз