Айжүз Маратова 9-класқа дейін «Не жегің келеді?», «Қай киімді, сөмкені таңдайсың?» деген қарапайым сұрақтар туралы ғана ойланып келсе, кейін «Қандай мамандықты таңдаймын?», «Кім боламын?», «Колледжге түссем бе екен, әлде 11-кластан соң жоғары оқу орнына тапсырсам ба екен?» дейтін сұрақтардың жауабын іздеген.
«Шешім қабылдауыма ата-анам, туыстарым мен достарым, интернеттегі ақпарат пен қоршаған орта әсер етті. «Қайткенде дұрыс болады?» деп көп ойланатынмын. Бірде әпкем «Таңдауды «дұрыс» немесе «қате» деп бөлуге болмайды, таңдаудың бір ғана түрі бар, ол — шешім қабылдау» деп айтты. Содан кейін ғана Алматыдағы педагогикалық колледжге тапсырамын деп шештім. Емтиханнан өтіп, оқуға грантпен түстім», — дейді Айжүз.
Комикс-кітаптың бас кейіпкері — Самғар да 15 жаста. Көпбалалы отбасында туған, әкесі – мұнайшы, ал анасы – мұғалім. Самғардың алдында да екі жол: колледжге оқуға түсу немесе 11-класқа дейін оқып, ҰБТ тапсыру тұр. Ол жақындарының және заманауи түрлі әдіс-тәсілдің көмегімен өмірдегі мақсатын табуға тырысады. Комикс кітапта ІТ саласының маңызы, оның қоғамға пайдасы туралы баяндалады.
«Кітаптағы кейіпкер екеуіміздің жасымыз, өмір салтымыз, ортамыз бірдей. Айырмашылық — қабылдаған шешіміміз. Әркімнің өз жолы, таңдауы бар. Жасөспірімге ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін көбіне ересектер айтады. «Былай істесең, дұрыс болады», «Былай істемесең, жақсы болады» дейді. Ненің жақсы, ненің жаман болатыны оны адамның қалай істегеніне байланысты. Қандай мамандық таңдағаның емес, ол мамандықты не үшін таңдағаның маңызды», — дейді Айжүз.
Әдетте кітаптағы әсірелеу, суреттеу, баяндау тәсілі жасөспірімді жалықтырып алуы мүмкін. Айжүздің кітапты қызыға оқуына баяндау тәсілінің комикс, күнделік түрінде жазылғаны әсер етіпті.
«Самғар күнделігіндегі» психологиялық тест, икигай, қаржы сауаты, кәсіптік бағдар тесті, wellbeing элементтері туралы бұған дейін орысша, ағылшынша оқығанмын. Осындай маңызды ақпаратты қазақша да оқуға болатынын мүлдем ойламаппын. Бұрын тек ақпарат түрінде оқысам, кітапта осы тәсілдерді өмірде қалай қолдануға болатынын түсіндім. Кітапты оқып отырып өзім де күнделік жүргізе бастадым, жеті атамды жазып, digital detox жасап, күнделікті өмір салтыма өзгеріс енгіздім. Әр шешімді қабылдағанда саналы түрде таңдау жасайтын болдым. Мұндай тәртіпті бұрын да білетінмін, ал кітапты оқыған соң сол ақпаратты қайта жаңғыртып, қолданысқа енгіздім», — дейді оқырман.
Жоба авторларының айтуынша, «Самғар күнделігі» тек жасөспірімге арналмаған. Өмірден өзін іздеген әрбір адам мақсатына жетуі үшін кітаптағы әдіс-тәсілдерді қолдана алады.
«Самғарды жастардың мета-әлемдегі (metaverse) досына айналдырғымыз келеді. Ол – жасанды интеллектіге негізделген AI lifetime assistant, яғни оқырман Самғардың өмірін аудио, мәтін, тіпті видео форматта көре алады. Телеграмдағы ботта онымен сөйлесіп, каналда дауысын тыңдауға болады. Самғардың бастауымен хакатон ұйымдастыру да жоспарда бар. Аудитория Самғарды досы, кеңесшісі, кей кезде менторы ретінде қабылдағанын қалаймыз», — дейді идея авторы Ибрахим Ташим.
Қазір «Самғар күнделігінің» алғашқы бөлімі жарық көрген. Ол «Тасжарған» деп аталады. Алғашқы бөлімде жасөспірім Самғар алғаш рет маңызды шешім қабылдайды. Бұл бөлімде «15 жастағы оқушы мектептегі оқуын жалғастыра ма, әлде колледжге түсе ме», «Қай мамандықты таңдайды», «Алғашқы махаббатын қалай кездестіреді», «Өзін тану үшін қандай тәсілдерді қолданады?» дейтін сұрақтардың жауабын табуға болады.
«Самғар күнделігі» үш бөлімнен тұрады. Кітаптың «Самғар күнделігі: ердің жолы» аталатын екінші бөлімі биылғы күзде жарық көреді. Бұл бөлімдегі оқиға бойынша бас кейіпкер Алматыға келеді. «Самғар мамандығын қалай меңгереді», «Тәжірибе жинап, ақша табу үшін не істейді», «Алғашқы махаббатымен қосыла ала ма?» дейтін сұрақтардың жауабын екінші бөлімнен оқуға болады.
Кітаптың үшінші бөлімі әлі жазылып жатыр. Ол «Самғар күнделігі: аманат» деп аталады. Бұл бөлімде оқуын аяқтап, отбасын құрған Самғардың алдында тағы маңызды шешім қабылдайтын сәт туады. Жұмыс істеу үшін шетелге кету, қалада қалу немесе туған жеріне оралып, қызмет ету? Ол қандай таңдау жасайтыны әзірше белгісіз. Себебі авторлар мұны оқырманымен бірге (co-creation) жазады. Кітаптың алғашқы бөлімін оқыған кез келген адам өз сценарийін ұсына алады.
«Co-creation бағытын таңдау арқылы кез келген оқырманға пікірін айтуға мүмкіндік бергіміз келді. Әр адам ішкі сезімін, басынан өткен оқиғасын кітапқа енгізе алады. Әркімнің айтары, тәжірибесі мен білімі, жолы бар. Co-creation тәсілі арқылы түрлі идея тоғысатын ашық алаң жасағымыз келеді. Жобаға қызығушылық танытқан адам командаға қосылып, бірге жұмыс істегісі келсе, есігіміз ашық», — дейді Ибрахим Ташим.
Әлемде co-сreation тәсілін қолданып, мақсатты аудиториясымен берік байланыс орнатқан түрлі компания бар. LEGO, Nike, IKEA-ның тұтынушыға тауардың параметрін, дизайнын, түсі мен басқа да элементтерін таңдап, өзі қалаған идеяны жасап шығуына мүмкіндік береді.
Ибрахим Ташимнің айтуынша, әр бөлімнің мақсатты аудиториясы бар. «Тасжарған» бөлімі 13-17 жастағы, «Ердің жолы» 18-25 жастағы, ал «Аманат» 25-34 жастағы оқырманның өмірін қамтиды, бірақ әр бөлімде кез келген оқырман өзінің дәл қазіргі шағын, болашағын немесе өткенін көре алады.
«Бұл жобада қиын мәселелерді шығармашылық және жаңа инновациялық технологиялар көмегімен шешудің тиімді жақтарын қарастырамыз. Түрлі шығармашылық креатив туғызуға, сол арқылы оқырман алған білімін өмірмен байланыстыруына көмектескіміз келеді. Қазір ақпаратты визуал форматта қабылдау оңай, сол үшін де комикс жасадық», — дейді ол.
«Самғар күнделігін» Kaspi дүкеннен тапсырыс беруге болады. Сатылымнан түскен қаражат жобаны әрі қарай дамытуға жұмсалады. Ұжым кітаптың жалғасын шығарған соң оның мазмұны бойынша 2D анимациялық фильм түсіруді жоспарлап отыр. Трилогияның негізінде анимациялық мультсериал дайындап, оны TikTok-қа шығару, Самғарды мета-дос ретінде танытып, басқа мүдделес компаниялармен коллаборация жасау жоспары да бар екен. Кітаптағы QR-код арқылы Telegram-каналға өтіп, талқылауға қатысып, идея ұсынуға болады.
«Біздің ұйымда педагог, психолог, IT-маман, студент, оқушы — бәрі бар. Жақсы жобаны жүзеге асыру үшін тәжірибелі мамандармен бірігу керек дегенді жиі естідім. Менің ойымша, бұл жай ғана стереотип. Кез келген адамның бойында бұғып жатқан талантты ояту немесе жұмыс істеу арқылы тәжірибе жинау әлдеқайда маңызды», — дейді Ибрахим Ташим.
«Самғар күнделігін» басып шығарған Jaiq Community — жасы мен лауазымына қарамастан идеялас, мүдделес адамдарды біріктіретін орта. Ұйым мемлекеттік қызметкер, мұғалім, студент, оқушы, кәсіпкер, блогер, шетелдегі қазақтар, басқа да мамандар еркін диалог құра алатын алаңға айналуды көздейді.
«Самғар күнделігі» — Jaiq Community жарты жыл бойы жасаған жоба. Жобаны бастауға мұнай-газ саласында қызмет етіп жүрген мамандар мен олардың балалары себеп болған.
«Мен Қазақстанның батысында тұрамын және мені жергілікті адами капиталдың ахуалы қатты алаңдатады. Жасыратыны жоқ, кей өңірде білім сапасы төмен, бұған PISA сияқты зерттеу нәтижелері дәлел бола алады. Сондықтан осындай әлеуметтік жоба жасауға кірістік», — дейді Ибрахим Ташим.
«Самғар күнделігі» жобасын Jaiq Non-Profit Organization әлеуметтік қоры қаржыландырады. Jaiq Non-Profit Organization 2020 жылғы 5 тамызда құрылған. Мақсаты – ұжымдық интеллектімен қазіргі зиялы қауымды қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды насихаттау мен отбасы институтын күшейту.
Әлеуметтік қордың мынадай бағыттары бар:
- jaiq trip — саяхат агенттігі;
- jaiq sports — әуесқой спорт клубы;
- jaiq fest — заманауи этно-фестиваль;
- jaiq ladies — әйелдер бірлестігі;
- jaiq talents — тәлімгерлік бағдарламасы;
- laiq stream — отбасы құндылықтарын туралы подкаст;
- jaiq hub — әлеуметтік бизнес инкубаторы;
- jaiq school — жаңа мамандықтар академиясы,
- jaiq flow — шығармашылық студиясы;
- jaiq drop — корпоратив маркетплейсі;
- jaiq water — минералды су;
- jaiq oil — қара зерде майы.