Басты бетЖаңалықтарАлматылықтар әкімнен...

Алматылықтар әкімнен Жайсан тұрғын үй кешенін бұзбауды сұрады

Наурызбай ауданы тұрғынының айтуынша, егер аталған көпқабатты үй сүрілетін болса 800-ге жуық отбасы баспанасыз қалады.

Қалалық сот «Жайсан» тұрғын үй кешенін бұзу туралы шешім шығарды. Оған тұрғындар наразымыз. Сол халықтың аманатын арқалап, өзіңіздің алдыңызға келіп тұрмын. 800-ге жуық отбасы баспанасыз қалғалы тұр. Осы мәселені оңтайлы шешіп берсеңіз,- деді Наурызбай ауданының тұрғыны кездесу барысында.

Мегаполис басшысының айтуынша, аталған тұрғын үй кешенін салып жатқан құрылыс компаниясының ешқандай рұқсат қағазы жоқ.

Біз тұрғындармен Amanat партиясында кездесу ұйымдастырдық. Аудан сотының шешіміне қатысты апелляциялық шағым түсті. Бұл сотта қайта қаралатын болады. Бірақ, барлық жауапкершілік құрылыс компаниясына жүктелген. Құрылысты бастамас бұрын рұқсат алулары керек еді. Жолын қараймыз, алайда бәрі заң бойынша шешіледі. Бүгін сізге нақты шешімді айта алмаймын. Жұмыс тобы құрылған. Тексеріліп жатыр,- деп жауап берді Ерболат Досаев.

Айта кетейік, бұған дейін нысанда тексеру жүргізіліп, тапсырыс беруші әкімшілік құқық бұзу кодекстің 316-бабы 1-бөлігі, 321-бабы, 463-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын. Кейін басқарма Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына заңсыз салынған нысанды бұзу туралы талап арыз жолдады.