— Нұрғали мырза, осыған дейін зияткерлерлік мектептерді басқардыңыз, халықаралық мектептерде оқытушысы болдыңыз. Шетелдерде халықаралық мектептерде де жұмыс істеп келдіңіз. Қазір JOO HighSchool атты мектеп ұйымдастырып жатырсыз. Бұл мекептің бағыты мен мақсаты қандай?

— 10 жыл бұрын Норвегияға жолым түсті. Сол кезде 11-12-класқа арналған мектепке бардық. Оқушылардың жартысы — Норвегия азаматтары, ал қалғаны Пәкістан, Ауғанстан, Камбоджа, Латын Америкасынан келген оқушылар екен. Мені таңғалдырғаны – екі жылдың ішінде бұл мектеп кез келген оқушыны азамат, тұлға етіп шығарады. Соған бағытталған өз жүйесі бар. Содан бері Қазақстанда да осындай мектеп ашсам деген ой пайда болды.

Кейін Вьетнамда жұмыс істеп жүргенімде Қазақстаннан ұсыныс түсті. Онлайн платформаның негізінде JOO.kz дейтін мектеп екен. Бұл — үш жылдан бері түлектерді ҰБТ-ға дайындап, сәтті жұмыс істеп тұрған жоба. Мені сол мектепті басқаруға шақырды. Бірден келістім. Сөйтіп қаңтарда елге оралып, өз арманымды жүзеге асыруға кірістім.

Біздің негізгі мақсатымыз – оқушыны тұлға, азамат ретінде қалыптастыру. Негізі 10-11-класта оқитын оқушылардың өзі жеке бір тұлға. Шешім қабылдай алатын, өзіне не керегін түсінетін, қалыптасқан азамат. Ата-аналар оларды әлі бала деп қабылдауы мүмкін. Ал оларды арнайы дайындап, мақсат қою, өзін дамыту, уақытты басқаруға қатысты дағдыларды үйретсек, сапалы да саналы азамат етіп өсіреміз. Ең негізгі мақсатымыз — терең ойды дамыту. Біз бұл мектепті биыл Алматыда, Шымкентте және Ақтауда мектеп ашып отырмыз.

— Білім беру саласындағы заманауи әдістердің қайсысы біздің елдің жүйесінде ескерілмей келеді?

— Негізінен көп нәрсе мұғалімге байланысты. Қазір білікті арттыруға арналған үш айлық курстар бар. Бұл курстарда  халықаралық деңгейдегі бағдарламаларды үйретеді. Алайда мұғалім алған білімі мен үйренген әдістемесін өз тәжірибесінде қаншалықты қолдана алады? Мәселе осында. Шынымен үйреніп, сабағында пайдаланса, әрине, балаларға да пайдалы болар еді. Мектеп басшылығы да білім сапасын көтеруге ынталы болса, мұғалімдердің сабақ беруін қадағалап жүрсе, білім сапасы жақсарады. Негізі білімді, білікті мұғалімдер өте көп. Жағдай да жақсарды, жалақы көтерілді. Бәсекеге қабілетті мұғалімдер қалыптаса бастады. Егер мұғалімнің экономикалық жағдайы көтерілсе, балалардың білімі де жақсарады. Мен бұған сенімдімін.

Платформамыздың базасында 10-11-кластарға арналған ҰБТ-ға дайындайтын білім бағдарламасы бар. Кейбір сабақтарды онлайн өткізіп, баланың уақытын тиімді ұйымдастыруға тырысамыз, яғни гибридті форматта білім береміз. Бала 10-11-класты біздің мектепте оқиды. Сол себепті басқа жерге барып, университетке, ондағы емтиханға дайындалудың керегі болмайды. Емтиханға дайындықты онлайн өткіземіз. Онлайн платформамыз тапсырма беруге, үй жұмысын тексеруге, қай тақырыптармен жұмыс істеу керек екенін анықтауға көмектеседі. Онлайн платформаның ішінде тренажер бар, оның көмегімен баланың қай пәндерден қиналатынын анықтаймыз. Мұғалім сол тренажердің нәтижесіне қарап, оқушыға қосымша сабақ береді немесе түсіндіреді. Бұл жүйе оқушыға өте тиімді.

— Мектепті ашу бір бөлек, дәл сіз айтып отырған бағыт бойынша дәріс бере алатын кадр мәселесі қалай?

— Вьетнамда жүргенде сондағы мұғалімдерді оқыттым. Сол кезде бір танысым «Неге сіз сияқты мамандар шетелде жүріп, басқаларды оқытады» деп ренжіген еді. Бізде мұғалімдерге арналған жүйе бар. Оларға баланы қалай оқыту керек, нені оқыту керегін өз жүйеміз бойынша үйретеміз. Шетелде 10 жыл бойы жинаған тәжірибемді енді өзіміздің мұғалімдерді дайындауға арнамақпын. Біз мұғалімдерді жұмысқа алғанда оның ресурстық жағдайына көп көңіл бөлеміз. Өз ісін жақсы көретін, көзі жанып тұрған мамандарды іздейміз. Егер ынтасы бар педагог болса, біз өз тәжірибемізді бөлісіп, білім бере аламыз. Мұғалімдерге арналған концептуал оқу бағдарламасын әзірледік.

Вьетнамда біздегідей мектеп бағдарламасы бойынша білім алуға жылына 10 мың доллар төлейді. Біздің мектептер дәл сондай бағдарламаны тегін оқытады. Негізі біздің елдегі білім беру жүйесі халықаралық стандарттарға сай. Егер кемшіліктер болса, онда ол мұғалімдердің білместігі шығар немесе білім беруге жағдайдың бәрі жасалмаған болуы мүмкін.

— Оқушыларды ҰБТ-ға дайындауға тәсілдеріңіз туралы айтып берсеңіз…

— Негізінен біз ҰБТ-ға ғана емес, баланы жоғары оқу орнына дайындаймыз. Біз емтихан сұрақтарын жаттатқызбаймыз, ойланып отырып тапсыру дағдыларын көрсетеміз. Сонда ғана олар кез келген емтиханнан сүрінбей өте алады. Шетелге тапсыра ма, магистратураға ма, докторантура ма, кез келген сынаққа қалай дайындалуды меңгеріп шығады. Біздің үйреткен дағдылар мен машықтарды жұмысқа орналасар кезде де қолдана алады. Бала мектепте білім алып қана қоймайды, сараптама жасауды, көпшілік алдына сөйлеуді, жобасын таныстыруды, пікірталасқа қатысуды, тыңдай білуді, өзгенің пікірін сыйлауды, сыни ойлауды игеріп шығады.

JOO.kz платформасының көмегімен бірге онлайн және оффлайн түрде емтиханға дайындаймыз. Оқушыға мұғалімдері мен ортасы ұнаса, тез үйреніп, потенциалы ашылады. Эмоционал қысымы бар ортада өскен бала емтихан сұрақтарын жаттап алуы мүмкін, бірақ уақыт өте келе бәрібір ұмытып қалады. Баланың терең білім алуы үшін қолайлы орта жасауымыз керек. Бұл ретте ата-ананың да ролі маңызды. Оны кемсітетін, намысына тиетін, баланы стресске түсіретін сөздер айтпау керек. Осыдан кейін балада «Кез келген мақсатқа қол жеткізе аламын» деген өмірлік ұстанымы қалыптасады.

Негізі үлгерімі жақсы балаларды жинап алып, оқытқан, әрине, оңай. Өзі-ақ алып кете алады. Алайда өзім кез келген баланы оның үлгеріміне қарамай-ақ, қалай үздік оқытуға болады дегенді зерттеп көрдім. Кейбір баланың потенциалы бола тұра, өзін көрсете алмайды. Бірақ әр балаға «Қиындық немесе сәтсіздік сенің соңғы мүмкіндігің емес, жаңа жетістіктерге жетуге күшің жетеді» дейтін ойды санасына сіңірсек, оның қабілеттері біртіндеп ашылады.

— ҰБТ-дан жоғары балл жинау үшін ата-ана баласын міндетті түрде қосымшаға төлеп, оқытуы керек пе?

— Кластағы оқушы саны аз болса, мұғалім әр балаға көңіл бөлсе, оған тиісті жағдайдың бәрі жасалса, қосымша курс керек болмауы мүмкін.Сабақтан тыс уақытта қайталаса да жеткілікті. Бірақ бір класта 30 оқушыдан көп болса, дайындалу қиын болады. Сол себепті қосымша орталықтарға барады. Бізде көп мектептер екі ауысым бойынша оқиды. Халықаралық стандарттар бойынша бір ауысыммен ғана оқуы керек. Бұл да баланың дайындығына кедергі болуы мүмкін. Академиялық адалдық бірінші орынға шыққалы бері балалар ҰБТ-ға шындап дайындалатын болды. Ойы алдауға емес, сабақ оқуға бағытталады.

— Әңгімеңізге рақмет!